Алып қашып кете жаздаған
«Айқын» газетінің 30 желтоқсанында шыққан нөміріндегі бір қызық оқиғаны көзім шалды. Авторы Айжан деген бір қыз екен. (мүмкін жай ғана ник шығар)
Сонымен былай делінген:
Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, сағат 12-ге дейін үйде келер жылды қарсы алып, одан кейін достарыммен кездесуге шыққанмын. Жоспар бойынша, барлығымыз Медеуге барамыз деп шештік. Содан елдің бәрі жиналсын деп күтіп тұрған кезімізде, сөз салып жүрген жігітім телефон шалды.
"Қазір кездесейік, саған бір сыйлығым бар" деді. Сыйлық алғанды кім жек көрсін, достарымның барлығын тағы да бір сағат тостырып қойдым. Бір кезде қасында екі досы бар, жігітім келді. Далада өте суық болғандықтан, оның көлігіне отырдым. Сол кезде досы рульге отырып, машинаны айдап барады.
"Қайда бара жатырсыңдар?" деген сұрағыма «жәй әншейін, қыдырып» деп жауап берді. Ойымда ештеңе жоқ. Алаңсыз отыра бердім. Бір кез маған уәде еткен сыйлығы есіме түсіп:
— Жаңажылдық сыйлықтарың қайда?-десем, досы:
— Сені алып қашып барамыз, осы-біздің сыйлығымыз,-деп қарап отыр…
Қорыққаннан жүрегім аузыма тығылып, жалма-жан ұялы телефоныма жармасып едім, қасымда отырған екінші досы оны қолымнан жұлып алды. Содан «истерика» басталды дейсің… ауыздан түрлі «мәдениетті» сөздер де, көзден жас та кетіп жатыр. Аулалардың арасымен келе жатқанымызда, Құдай оңдап, алдымыздан ортақ таныстарымыз шыға келді. «Алып қашушы» жігіттің біреуі «жаңа жыл ғой, құттықтап келейін» деп есікті ашқанында, көліктен зып беріп шықтым да, алды-артыма қарамай зытып кеттім… Содан кейін әлгі «жігітімді» көрген емеспін. (еш өзгертусіз беріліп отыр)
