Театрға бардым...
Осы күні студенттер мен оқушыларға кейбір спектакльдерге мәжбүрлеп билет алдыратыны жасырын емес сияқты. Бұл көбінесе жергілікті емес театрлардың гастрольдік сапарлары кезінде орын алатын жәйт.Әрине, демалсын, саналары сәулеленсін дейтін шығар. Бірақ, қарғаны қаз қылып ек, қи шоқуын қоймадының кебі бұл.Қарқ-қарқ күлкі, күбір-күбір әңгіме. Театр — киім ілгіштен басталады. Қойылымға келген көрермен әртістерге құрмет көрсетудің орнына, бейне бір киім ілгіштегі келіншек оның күртесін саттыққа шығарып жіберердей өре түрегеледі ғой бәрі… Қазының пісеріне шыдағанда, қазаннан түсеріне шыдамай, жаппай киімдеріне ұмтылады. Кезек күту деген атымен жоқ, бірдеңеден құр қалардай, бір-бірін баса көктеп, жанталасып жатқан бір адам. Бұл — жәй ғана киім ілгіштегі жәйт. Құдай сақтасын, алда-жалда заман өзгеріп, нанға кезекке тұрар болсақ, иманымызды айтып үлгермей қалатын шығармыз.
