Ескі архив · 02.02.2011 10:43

Кімдердің Исламын ұстанамыз?

Қазақ.кз сайтына дін тақырыбында жақсы, өте сауатты мақала шығыпты. Мақаланы түгел көшірмей-ақ қояйын. Түпнұсқасын мына жерден оқырсыздар. Автор қазіргі кездегі еліміздегі мұсылмандарды 5 топқа бөлген екен. Өте жақсы анализ істеген. Тілімізді бүлдіргендер енді дінімізді де бүлдіріп жатыр, болашақта қазақ деген ат жойылып кетеді ме деп те қорқамын. Мақаланы ерінбей оқып шықсаңыздар да болады, біраз ақпарат аласыз. Кімдерден қауіп күту керегін түсінесіз. Сонымен қазіргі мұсылмандар мынандай екен: 1. Олардың біріншісі қазақ халқы осы кезге дейін ұстанып келген Ханафи мазхабын ұстанатын, Діни Басқарма Мүфтиаттың төңірегіне топтасқан намазхандар. Олар Мүфтиат тағайындаған мешіт имамдарына бой ұсынып, туындаған діни мәселелерде соларға жүгініп, мазхаб тәртібі бойынша құлшылықтарын атқарады. Олар шариғатқа қайшы келмейді деп танылған салт-дәстүрлерді ұстанады, ресми билікті мойындайды, және иманның шарттарын сақтайтын өзге топтардағы намазхандар мен намаз оқымайтын жандардың да мұсылмандықтарына шүбә келтірмейді. Сол арқылы имамдарына бой ұсынушы мешіт намазхандары өздерінің кеңдігімен, сабырлылығымен ерекшеленіп, орташа көзқарас ұстанатын жамағат ретінде танылады. 2. Екінші топты өз үгіт-насихаттарын қарқынды түрде жүргізіп жатқан уаххаби-салафи намазхандар құрайды. Бұлар ханафи мазхабын да, ресми билікті де, Мүфтиатты да мойындамайды. Тек өз насихатшыларын ғана тыңдап, өз шейхтерінің пікірлеріне ғана ден қояды. Мешіт имамдарына бағынбайды, кейбіреулері тіпті, мешіт имамына ұйып намаз да оқымайды. Олар тек өздерін ғана Құранмен, сүннетпен жүретін, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятын бірден-бір топпыз деп есептейді. Өздеріне қосылмаған намазхандардың бәріне де Аллаға серік қосу, дінге жаңалық енгізу, сүннетпен жүрмеу, имамдарына көзсіз еру тәрізді айыптар тағып, оларды өз араларында адасқандар деп те санайды. Соған орай оларға қатысты қатаң көзқарас ұстанады. Олар тек «сүннетпен жүру керек» деп ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүрлерді де қабылдамайды. Сол себепті де бұлар арабтануға бейім тұрған намазхандар болып табылады. Қазіргі кезеңде бұлар «ихуан муслимин», «хизбут тахрир», «мадхалит» және басқа да тек өздерін ғана нағыз салафи санайтын бірнеше топтарға бөлініп кетті. Олардың бәрі дерлік Абдулуаххабты өздеріне ұстаз санайды, бірақ сөйте тұра өздерін «уаххаби» деп атағанды жақтырмай, «салафи» деп аталғанды жақсы көреді. Бұл атау оларға халықты үркітпей өздеріне адам тарту үшін жақсы бүркеніш болып табылады. Олар қайтыс болған адамдарға Құран сауабын бағыштамайды, және дұға еткен соң бет сипамайды. Намазда Ханафи мазхабының ешбір тәртібін қабылдамай, оны мүлде басқа тәртіпте орындайды. Біздегі уаххабилердің көпшілігінің сырт пішіндерінде өзге мұсылмандардан айырмашылық жоқ. Өздерін сәлафимыз деп таныстыратын болғандықтан «уаххабис» атауынан шошынатын жандар олардың уағыздарын тыңдай жүріп өздерінің қалай уаххаби болып кеткендерін аңғармай да қалады. Негізгі орталықтарының бірі уахаббизмді ресми дін ретінде ұстанатын Сауд Арабиясында орналасқан. Және сол жақтан қаржыландырылады. 3. Үшінші топты құрайтын намазхандар таблиғ жамағаты деп аталады. Олар мазхаб ұстанады. Өздерінің басты міндеттері ел аралап насихат жүргізу арқылы дін тарату деп есептейді. Және өздері «амал» деп атайтын дін тарату мақсатына лайықтап жүйелеп алған өз тәртіптері бар. Ол тәртіптері бойынша олар мемлекеттің де, Мүфтиаттың да істеріне араласпай, амалдарын жасау барысында мемлекеттің де, мешіттің де тәртібін бұзбауға мейлінше тырысады. Муфтиатпен, мешіт имамдарымен санасқанмен оларға толық бойұсынбайды, және амалдарында өз әмірлеріне ғана бағынады. Ханафи мазхабын ұстанатындықтан да олар мұсылманбыз деген жандардың имандарына күман келтірмей, жалпы бәрімен де жақсы қарым қатынасты сақтауға мүмкіндігінше тырысып бағады. Мазхаб ішінде де өздеріне тән тәртіптерімен ерекшелене отырып олар дінді тарату амалдарында өздерін өзгелерден озық санайды. Өз амалдарына көп көңіл бөле жүріп дүние істерінен, отбасылық міндеттерінен қол үзіп кетуге бейім. Шет елдерге де шығып уағыз жүргізетін болғандықтан ұлттық ерекшеліктермен санасады, және шариғатқа қайшы келмейді деп есептейтін салт-дәстүрлерді ұстанады. Сыртқы пішіндері мен сөздік қорларында Пакистан мен Индияның ықпалы байқалады. Пакистан үлгісімен киініп, сақалдарын жіберіп, балақтарын қысқартып алған таблиғ жамағаты ел аралап үгіт айтуға шыққанда халық оларды білместікпен «уаххабистер» деп атап, үркіп жатады. Таблиғтардың негізгі орталықтары Индияда орналасқан. 4. Төртінші топты сопылық тариқат жолын ұстанатын намазхандар құрайды. Бұлар да өздерін мазхаб ұстанатын мұсылмандар санатына енгізеді. Бірақ, құлшылықтарын мазхаб тәртібімен арқарғанмен өзіндік ерекшеліктері де бар. Және иман мәселесінде олар өздерінің пірлеріне сиынып, олардан жәрдем сұрауларымен де ерекшеленеді. Мемлекет ісіне араласпайды. Мүфтиатқа бағынбайды. Өз алдарына ашып алған мешіттері бар. Ал, мешіттері жоқ жерлерде ортақ мешіттерге көп жоламауға тырысады. Дін істерінде имамдарға емес толықтай өздерінің пірлеріне бағынады, және пірлеріне көзсіз сену, сөзсіз бой ұсыну бағытында тәрбиеленеді. Өздерін діннің сыртқы пішіні захирмен емес, ішкі мәні батинмен терең айналысатын жамағат ретінде санайтындықтан олардың кейбір топтары намаз, ораза тәрізді парыз құлшылықтарды орындауға мән бермейді. Олар тариқатты таңдаулылардың жолы санайды, содан да өздерін таңдаулылар санап өздерін жалпы жамағаттан жоғары ұстайды. Өзге намазхандармен араласпай тек бір-бірін ғана жақын тұтады. Салт-дәстүрге қарсы емес, қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрлері де бар. Сопылардың пірлері негізінен Өзбекстанда тұрады. 5. Бесінші топқа «ата жолы», «ақ жол», «ақ орда» тәрізді ұйымдар құрып алған емші, балгерлер мен солардың ықпалымен намазға жығылған «аруақшыл» намазхандар жатады. Бұлар да өздерін мазхаб ұстанатындар қатарына жатқызады, бірақ Ислам мен шамандықты ұштастыруға тырысқан олардың тәртіптерінде түрлі ырымдарға негізделген өз ерекшеліктері мол. Олар әулиелер мен ата-баба аруақтарының шипалары мен небір кереметтеріне тәнті болып солардың нұсқауымен, солардан қорыққандарынан ғана намазға жығылып, өздері айтатындай «ақ жолға» түседі. Және үнемі соларға сиынып, жалбарынып жүреді. Әрі мезгіл-мезгіл әулиелердің бастарын зиярат етіп, солардың ризалығы үшін құрбандық шалып отырады. Иманның шарттарын білмейді, немесе біле тұра мойындамайды. Құранды киелі зат ретінде ғана қасиет тұтады, оның мағынасын білуге тырыспайды, және оны аруақтарды риза ету үшін ғана оқиды. Мемлекетті мойындайды. Аллаға серік қосу, және басқа да шариғатқа жатпайтын іс-әрекеттерін айыптайтындықтан Муфтиатқа, мешіт имамдарына бой ұсына қоймайды. Өздерінің жиналатын ордалары және әулиелердің бастарына салған мешіттері де бар. Ортақ мешіттерге негізінен құран оқыту үшін көп келеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін шариғатқа сиымды, сиымсыз деп айырмастан берік ұстайды, тіпті ырымшылдық негізінде жаңа салт-дәстүрлер де қалыптастырып жатады. Аруаққа сиынатындықтан ұлтымыздың көрнекті өкілдеріне де тағзым етіп дәріптеп, бастарына барып ас береді. Аруаққа сенбейтіндерді «атеист», ал қарсы шыққандардың бәрін «уаххабис» деп айыптайды.
Авторы:
arshatoraz

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту