Универсиаданың 6 медалі Азиаданың 70 медалынан артық
Сонымен Азиада да бітті. 70 медальмен бірінші орын алдық. Ел-жұрт қуануда. Қуаныштың да бір шкаласы болуы керек сияқты менің ойымша. Азиаданың қуаныш шкаласы Олимпиададан да асып кетті. Әлемдік бір жарысты жеңгендей болып қуандық. Неге? Менің ойымша халық спорттан сауатсыз, сондықтан болды осындай "үлкен" қуаныш. Кімдермен жарыстық, кімдерді ұттық? Корея, Жапония, Қытайлар қысқы ойындар бойынша әлемде бір салмағы бар ма еді? Хоккейден А тобына шыға алмай жүрген жапондарды ұтқанымызға қуануымыз керек пе? НХЛдан кейінгі мықты лига болып саналатын КХЛда ойнайтын Барыс хоккейшілері жапондарды шашып тастауы керек еді, олай болмады. Олимпиадалық спорт түріне жатпайтын допты хоккейден 3 құрама ғана қатысқан жарысты жеңдік, осы ма қуаныш? Биатлоннан оқтар тимей жатса да өздігінен нысаналар жабылыпты, осы ма қуаныш?
Ал сол кезде Түркияның Эрзурум қаласында өтіп жатқан Әлемдік Қысқы Универсиада туралы ешкім көрсетпеді, жазбады. Ал ол жақта біз әлемнің 52 елінен 1593 спортшы қатысқан үлкен жарыста 1 алтын, 5 қоламен 17-ші орын алдық. Хоккейден жартылай финалға жетіп, 3-ші орынға таласта Канададан жеңілдік. Міне бұған қуану керек! Өйткені бұл жас спортшылар болашақта бізге Олимпиада медалын әкелетін спортшылар және Ресейден шақырылығандар емес, өзіміздің қазақстандық спортшылар.
Қазақстан үшін, патриоттық сезім үшін қуандық дейтін шығар көпшілік. Егер шынымен патриот болсаң, елім дейтін болсаң ненің не екенін ажыратып алып, қуану керек. Азиадаға кеткен 1 млрд доллар өзін ақтаса екен деп тілеу керек. Халықаралық Олимпиада Комитеті істелінген еңбекті ескерсе екен деп тілеу керек. Спортшылар осымен қарын тойдыра салмай әлем чемпионаттарында да осындай жетістікке жетсе екен деп тілеу керек.
