Қайран атам...
Ер адам неғұрылым егде тартып, қарттық меңдеген сайын соғұрылым шарасыз бола бастайтын сияқты. Өзім атамның тәрбиесінде болғандықтан ба, қарияларды қатты жақсы көремін. Әжелер әдетте пысық келеді. «Әй, шал! Болсаңшы… Жүрсеңші...Қарасаңшы көзіңе....». Аталар келеді артында… Неге екенін білмеймін, олардың бәрі маған аянышты көрінеді.
Менің атам өте аңғал кісі еді, жарықтық. Аузын ашса, көмекейі көрінеді деп дәл осы кісіге қатысты айтылғандай. Ойдан ой туып, әлгі шақырусыз қонақтар туралы жазбамнан туындап отырған нәрселер ғой бұл. Үйге осындай құдайы қонақтар кеп, дастархан басында отырғанда: «Әй, кемпір, өткендегі қазыңнан қалды ма, шығарсаңшы…шұжықтарың болса әкелсеңші» дейтін. «Таусылды ғой»,- дейтін марқұм әжем, қайтсін енді, ол қазы айдың ана бір жаңасында игеріліп қойған. Кейін: «Бетім-ай, мені бар тамағын шығармай, тығып отыр деп ойлап кеткен болар әлгілер»,- дейтін шыр-пыр болып.
Атам ылғи менің сабақтан келуімді есік алдында күтіп отыратын. Мен қиналмастан «Сәлембердік, ата! Алиша үйде ме?» деп өте шығам да, аулаға көрші үй жақтан кірем. Сосын кешқұрым шәй басында адамның адамға ұқсай беретіндігі туралы әңгіме бастайды;) «Ойпырым-ай, есік алдында тұрсам бір қыз сәлем берді, Алишамды сұрайды. Өзі де менің қызымнан айнымайды-ау, айнымайды»…
Қайран, атам… Киімдерін жуғанда қалтасын босатудың өзіне жоқ дегенде жарты сағат жұмсайтынмын. Өлген орыстың басынан басқасының бәрі бар: ілгек, ескі күнтізбе парақтары, құдайға керегі жоқ болт, гайка…Газет қиындысына оралған бір бума шығады, ашсаң тағы бір орама, тағы…тағы…туһ, сондағысы сіріңкенің талы…
Сағынып кеттім…
