Ескі архив · 10.02.2011 19:06

Балаңды берер ме едің?

Менің әкемнің анасы 28 жасында дүние салған. Тым жас кеткен соң, әрі өзім көрмеген соң әжем деп те жаза алмай отырмын. Сол 28 жасқа дейін 4 баланы дүниеге әкеліпті. Тұңғышы — менің әкем. Қазақ салтына сәйкес, ол, әрине, әжесінің баласы болған. Екіншісін, қызын, бәлендей қатаң дәстүр болмаса да, нағашыларына беріпті. Үшіншісін туған бойда бала сүйе алмай жүрген қайнысына ырым қылып «сыйға тартыпты», ол баласы 5-6 жасқа жеткенде ауырып қайтыс болған. Келіннің салтқа беріктігі сондай, ұлы өлім алдында қиналып жатқанда, оның маңдайынан да сипамаған көрінеді. Төртінші сәбиін босанып, есін енді жиып жатқанда үстіне ауылдағы жынды кемпір кіріп келіп, жас босанған әйел шошынып, баланың жолдасы түспей, өліп кеткен. Нәресте қыз — Орынша уызына жарымай қала берген… Байғұс әйел соңғы жүктілігінде осы баламды өзім иіскеймін, қасыма алып жатам деп ойлаған шығар-ау. Тағдырға амал бар ма? Сол кездердегі қазақтың ісі кеңдік пе, кемдік пе, түсіне алмадым…
Авторы:
AKY

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту