Ескі архив · 13.02.2011 16:26

Бармысың, бауырым?!

Өткен бір жазбамда агент арқау болған жағымды бір жаңалықпен бөліспек боп едім ғой. Айтайын… Өз басым үшін агент біздің әулетті жиырма жылға жуық сергелдеңге салған мәселенің бір түйінін шешіп берді. Әулеттің тұңғышы мектеп бітірісімен Қарағандыға кетеді де, сол жақта үйленіп, екі ұлды болады. Кейін сонда қаза болады. Ағамның көзі тірісінде қатынасып тұрған немерелерімен кейін байланыс үзіледі. Бұған елдегі аумалы – төкпелі кезеңнің әсері де болса керек, әркім өз күйін күйттеп кеткен шақ қой. Кейін кенже ағам қаза болды. Бұл қарттарды әбден жүдетіп жіберді. Екі бірдей ұлдарын жер қойнына берген олар сең соққан балықтай боп, жырақтағы қос немересінің суретін сүюден әріге бара алмады. Жеңгеміз де орысқолдау болатын, ол да балаларды туғандарымен табыстыруға аса мүдделі болмаған сияқты. Мен бауырларымды ешқашан көрмесем де, бір тылсым күш намысымды қайрайтын. Қарттарға: «Ертең оларды өзім іздеп табамын», — дейтінмін. Кейін олар да келмеске кетті. Уақыт өтіп жатты. Қызмет, үй… әйтеуір, бітпейтін бір тірлік. Бірақ, көңілімнің түкпіріндегі бауырларымды табуым керек деген ой дамылдаған жоқ. Ауылдағы жиын-тойларда ағайын – туғанның: «Әй, әлгі Тілекжанның балалары хабарласпай ма?» — деген сөздері менің шымбайыма бататын. Бәлкім, жандары ашитын шығар, әлде, сынай сұрайтын шығар, қайдам? Сөйтіп, мен өзіме қол жетімді әдістер арқылы бауырларымды іздеуді бастадым… Біздің тегіміз де, ағаларымның есімдері де өте көп таралған. Ағаларымның бір ғана Теміртаудың өзінде отызға тарта аттастары бар. Дәл осы М –Агенттің көмегімен олардың біразымен тілдестім, амандаса салысыммен әкесінің есімін сұраймын іле-шала. Біреуінің әкесі — Талғат, енді бірінікі — Асқар, әйтеуір, олардың ешбірінен ағамның атын ести алмадым. Оларға жағдайымды түсіндіріп, кешірім өтініп, қоя саламын. Сөйтіп жүріп, кезекті бір Қайраттың «Әлемін» аштым. Суретін ашқаным сол еді, жүрегім лүп етті. Ағамнан аумай қалыпты! Дәл өзі! Суретінің астына: «Әкеңнен, менің ағам Тілектен аумай қалыпсың, ағатайым!» деп жазбамды қалдырдым. Талай мәрте аузым күйгеніне көзі куә жолдасым менің сенімділігімді құптамады. «Анықтап алмай, бұлай қалай жазасың?» дегеніне де қарамадым. Мен өзіме сенімді едім. Бір күн өтті. Жұмыстан келе салысыммен поштамды тексердім. «Мен сенің ағаң шығармын!» — деп хат жолдапты ол. Жазбаны көріп, түнімен көз ілмепті. «Марат екеуміз туғандарымызды қашан көреміз екен деп армандаушы едік, тіпті неден бастарымызды білмедік», — дейді ол. Дереу ауылдағыларға қоңырау шалып қазір сендерге Теміртаудан Қайрат соғады, есеңгіреп қалмаңдар деп ескертіп қойдым. Зорға сендердім. Қазір ағам сағат сайын қоңырау шалып тұрады, айналып-толғанып, рахметін айтады. Алла қолдаса, жазда бүкіл ағайындармен жолығуды мақсат етіп отыр. Міне, М-Агенттің пайдасы. Бірақ....өткен жолы ағамның белгісіз себептермен ренжіп жүргенін жазып ем ғой. Ол – осы Қайрат…
Авторы:
alisha

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту