Ескі архив · 19.02.2011 18:58

Аршат: МЕН ЕРЕКШЕ БАЛАМЫН БА?

Жақында "Ұлан" газетінің бір журналисінен хат алдым: Сәлеметсіз бе, Аршат аға! Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқимын. Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған "Ұлан" газетіне мақала жазып тұрамын. Жақында ескі газет-журналдар ақтарып отырып, жақсы бір материалға көзім түсті. 1989 жылы «Пионер» журналында «Аршат: мен ерекше баламын ба?» деген сіз туралы мақала оқыдым. Қазір сіздің қазақ интернетіне қосып жүрген үлесіңізді балалық шағыңыздағы сол бір материалмен сабақтастырып мақала жазуға тапсырма берген еді газет ұжымы. Егер сұхбат беруге келіссеңіз, бір-екі күнде сұрақтарды почтаңызға жіберейін. Сау болыңыз! 1988 жылы шыққан мақаланы сканерлеп, маған салып жіберіпті. Сіздермен бөлісейін дедім: *** Иә, Аршат Оразов шынында да ерекше бала ма? Ол қазір жеті жаста. Бірақ 3 класта оқиды. Сурет салуды жақсы көреді. Атасы мен әжесін керемет сағынады. Ауылды аңсайды. Ақтөбеде тұрады… Бір сөзбен айтқанда, бұл мақала ерекше баланың өмірі, өнері, таланты туралы сыр. Үлкен үзілістің кезі болатын. Класқа Нұршагүл айқайлап кіріп келді. — Балтұрсын апай пионерге өтуге дайындала беріңдер деді! Оқушылар жан жақтан шу ете қалды: — Алақай! — Галстук тағамыз! — Пионер боламыз! Көптен күткен күн. Мереке. 3-ші класс оқушыларының қуанышында шек жоқ. Тек сабақты нашар оқитындардың ғана көңілдері пәстеу: «екіліктерін» ойлап алаң. Пионер қатарына тәртіпті, үлгілі, сабақ үлгерімі жақсы балалар ғана өтуі керек қой. Ал Аршаттың «қайғысы» тіпті ала-бөле. Оның тәртібінде мін жоқ. Сабақтардан алып жүрген бағасы кілең «бестік» пен «төрттік». Бірақ 3-ші класта оқығанымен, жасы жетіде… қалай болар екен? Бәрі пионер қатарына өтіп, жалғыз өзі октябрят болып қала ма? Дружина советі қандай шешім қабылдайды? Қиын жағдай. Бәріне өзі кінәлі. Неге? Өз қатарынан озып, жеті жасында үшінші класта оқып жүргені үшін бе? Иә, Аршат Ақтөбедегі мектеп-интернатқа шалғайдағы ауылдан – Ойыл ауданының «Жекенді» совхозынан келді. Атасы мен әжесінің қолында өсті. Кішкентайынан ерекше зеректігімен, алғырлығымен көзге түсті. Үш жасында әріп таныды. Төрт жасында кіиапты өздігінен жүргізіп оқитын болды. Біртүрлі. Тосын. Достары асыр салып ойнап жатқанда, ол үйде шұқшиып кітап оқып отыратын. Әсіресе сурет-кітапшаларға құмар, оқи-оқи бір сөзін қалдырмай жаттап алады. Ауылдағылар оны «кішкентай академик» деп атап кетті. Оның мұндай құрметті атаққа ие болуына Ораз атасының көп әсері болды. Ол немересін жанынан тастамай жүріп, ерте хат танытты. Әсіресе әжесінің еңбегі зор. Әжесі Аршатты сан алуан аңыз, ертегілермен сусындатты. Ол екі сөзінің бірінде «ертең мектепке барғасын, бұдан да қызық ертегілерді оқисың» деп отыратын. Аршат сол ертегілерді оқуға асықты. Кітаппен осылайша ерте достасты. Ол жасы әлі беске толмағанына қарамастан мектепте оқуды армандады. Ал бірінші класқа жеті жастан қабылдайды. Дегенмен Аршаттың арманы орындалды. Бір күні облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтынан маман-педагогтар «Жекенді «мектебінің жұмысын тексеруге келді. Сәті түсті. Жергілікті ұстаздар Аршатты мамандардың сарабына салды. Олар баланың зерделілігіне таң қалды. Мәселе сол жерде шешілді. Аршат комиссияның шешімімен бірінші класқа қабылданды. Дружина советі не істерін білмей дағдарды. Осы кезде пионер өмірін қайта құру ережелері шыққан-ды. Оларға әр жастағы пионер отрядын құру жөніндегі ұсыныс керемет ұнады. Несі бар. Жасы жетіде болса да, Аршат пионер болуға әбден лайық. Ал Аршат одан бейхабар еді. Салтанатты сәт жақындаған сайын мазасы қашып, тіпті бір-екі рет жылап та алды. Ақыры бәрі жақсы аяқталды. Дружина советінің арнайы ұсынысымен Аршат пионер қатарына қабылданды. Сондағы оның қуанышын көрсең. Жүзі бал-бұл жанып: «сенімді ақтауға тырысамын», — деді. Бұл оқиға 1988 жылдың көктемінде болған еді. Аршат Оразов туралы ұстаздары мен достары жоғары пікірде. Мектеп-интернат директоры Мақсат Құсайынов зерделі шәкірт жөнінде былай дейді: — Менің ойымша Аршаттың қазіргі білім жолындағы аяқалысы оның болашағынан көп үміт күтуге болатындыңын көрсетеді. Оған аялы алақын, қамқорлық қажет. Оны оқыту – әр педагогтан ізденімпаздықты, білгірлікті, керек десеңіз сезімталдықты, тапқырлықты қажет етеді. Мақсатымыз оның талант-қабылет ұшқынын өшіріп алмау. Отыз екі жылдан бері тәлім-тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі ұстая Сәуия Тұрмағамбетова да Аршат туралы мақтаныш сезімімен әңгімеледі: — Аршат бірінші класқа оқу жылының жартысы артта қалғанда қабылданды. Үшінші тоқсанның сабақтары басталып кеткен-ді. Қауіптенгенім рас. Үлгеріп кете ала ма? Бірақ алғашқы күннен-ақ қаупіме орын қалмады. Көп жылғы педагогтық тәжірибемде мұндай зерек баланы алғаш рет көрдім. Өзінен жасы үлкен балалардан ой-өрісі кең болып шықты. Аршаттың ең басты ерекшелігі – оның тілі керемет дамыған. Сөздік қоры бай. Ана тіліміздің уыз дәмі сезіледі. Кітапты өте жылдам оқиды, әрі түсінігін мүдірмей айтып береді. Бейжайлық, селқостық жоқ. Бос қарап отырмайды. Жан-жақты. Өнерлі. Қолы қалт еткенде сурет салумен шұғылданады. Ауыл, дала туралы әңгімелегенді ұнатады. Сірә, бала емес пе, ауылдағы әжесі мен атасын сағынатын болса керек. Ерен қабылетінің арқасында бір жылда екі класты тәмәмдады. Күдіктенгендер де болды. Бірақ арнаулы комиссия құрылып, шәкірт білімінің мұндай «секіріске» лайық екенін дәлелдеді. Аршаттың Рита, Римма, Майя есімді үш қарындасы бар. Рита бірінші класта оқиды. Тіпті үш жасар Римма да әріп таниды. Бәрінің ұстазы – Аршат. Үйге келсе болды, бауырларына білгенін үйретіп жүреді. Бәрі бірге «ұстаз-шәкірт» болып ойнайды. Ойындары кәдімгідей сабаққа ұқсайды. Аршаттың арманы – суретші болу. Қиял құсы ақ қағаз бетінде сан алуан бояулар тілінде сөйлейді. Көбіне ауылды, даланы салады. Оның суреттерінен шағаладай аппақ киіз үйлерді, кең дала төсінде өріп бара жатқан қойларды, құйғытып шапқан тұлпарларды көресің. Сонадайда таяғына сүйеніп шопан тұрады. Сайраған жол, соқпақтар. Ыстық суреттер… Аршат кластың оқу секторы. Биылғы оқу жылында отряд советінің председателі Болат Абылаев оған пионерлік жауапты тапсырма берді. Ол – сабақ үлгерімі төмен оқушыларға көмектесуі керек. Қазір Аршат пионерлік тапсырманы ойдағыдай орындау үстінде, қамқорлығына алған балалардың оқу үлгерімі жақсарып келеді. Ал, Аршат болса ауылды аңсап, атасы мен әжесін сағынып, мектеп-интернатта білім бұлағынан сусындап жүр. Әмір ОРАЛБАЕВ Ақтөбе қаласы *** Қазір оқып отырсам, мақалада көп нәрсе қате жазылған екен. Сол кездің талаптарына сай пионер портретін жасауға тырысқан журналист. Яғни мені үлгілі, ауылдан шыққан, ата-әжесін сағынатын, пионер болуды сүйетін қылып көрсеткісі келген. Ал, шынында қалай еді? Мен мектепке қабылданған кезде ата-әжем марқұм болып кеткен еді, ал мақалада пионердің ата-әжесі бар болғанын қалаған сияқты автор. Пионерге өту туралы да қатты уайымдаған жоқпын, «сені алады» деді, болды. Нашар оқитындарға көмектескен жоқпын. Қарындастарыммен де мұғалім болып ойнамайтынмын, бұл өтірік енді :) Шалдың баласы болғасын оларға көп жолай бермейтінмін. Ауылда «кішкентай академик» атануым да өтірік, тек өзіміз және көршілеріміз болмаса ешкім біле бермейтін менің оқи алатынымды. Көршіміз мектепте мұғалім болғасын, үйіне методистер келген кезде көрсетіп жіберген, бестегі бір бала бар, судыратып оқып беред Бозінгенді деп. Үйде отырып, кітап оқи береді дегені де артықтау. Керісінше кітаптардан оқыған ойындарымды ойнататынмын үй жақтағы балаларға, ойындардың ұйымдастырушысы болдым. Ал мектепте жасым кіші болғасын көп әлімжеттік көрдім, айтатын ағам да болмағасын, өзіме өзім тұратынмын төбелестен қашпай. Талай рет бетім-көзім көгеріп жүрді.
Авторы:
arshatoraz

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту