Наурыздағы оқиға
Ұлыстың ұлы күні де жақындап келеді. Осыған орай, бір кездері "Ұлан" газетіне жарияланған "ірі" туындыларымның бірі — «Наурыздағы оқиға» атты өлең ертегімді ұсынғым келіп отыр. Аршаттан қалыспайын деп скәнірленген нұсқасын да салып қойдым.
Наурыздағы оқиға
Үйрек-қалпында емес ©
Аязды ақпан кетті де,
Наурыз келді күлімдеп.
Күн сәулесін төкті кеп,
Аямады нұрын көк.
Сақылдады сауысқан,
Бар тіршілік оянды.
Жар салуға Арыстан,
Жұмсады сұр Қоянды.
Шарлап Қоян тоғайды,
Деді:
— Асыр сап ойнаймыз.
Алаңда ең қолайлы
Наурыз тойын тойлаймыз.
Тамашаны көріңдер,
Ақ сарайға жиылып.
Шарт біреу-ақ:
Келіңдер Адам болып киініп.
Одан-бұдан аңдардың
Қосылды тез бастары.
— Жетті енді, — деп, — самғар күн,
— Арыстан сөз бастады. —
Былай болсын келісім:
Адам болып көрелік.
Не істеу керек ол үшін,
Адам айтсын төрелік.
Тұра бермей болып таң,
Қане, жолға шығалық.
Кім болуды жолыққан
Адамдардан сұралық.
Сөйтіп жолға түсті аңдар,
Біраздан соң бөрікті,
қолтығында тышқан бар
Бір кісіге жолықты.
— Жүрісіңе таң қалдым,
Кімсің? — деді патша оған.
Деді кісі:
— Алдармын,
Салып жүрем қақсап ән.
Патша арыстан Алдарға
Барлық жайды ұқтырды.
— Сен дегенде жан бар ма?
Деп Алдар қу тік тұрды.
— Шіркейді де арбайтын
Елжіретіп жүрегін,
Кез-келгенді алдайтын
Мен бола сал біреуің.
— Алдар деген жақсы аға
Мен болайын, мен, мен — деп,
Түлкі Арыстан патшаға
Жетіп келді өңмеңдеп.
Құп көрді оны Арыстан:
— Мейлің, болсаң, бол, — деді.
Топ мұнартқан алыстан
Тауға қарай өрледі.
Жол-жөнекей жолықты
Есек мінген кісіге.
Көрінді ол көрікті
Үлкенге де, кішіге.
— Кімсің? — деді Арыстан.
— Елге мәлім Қожамын.
— Не сырың бар?
— Жарыссам,
Аңқаулықтан озамын.
Ештеңем жоқ бүлдірген,
Айырмам тек өзгеден —
Жұрттың бәрін күлдірем
Ісімменен, сөзбенен.
Патша айтса мән-жайды,
Қожанасыр ұғынды.
Аңғарған соң, ау-жайды,
Шаршы топқа бұрылды.
— Жүрмеңдер еш сыр бүгіп,
Болсын өмір көңілді.
Мен боп жұртты күлдіріп,
Бірің былға жеңіңді…
Одан әрі не болмақ,
Оны өзің де білесің,
Іске, сөзге тек олақ
Сияқтанып жүресің.
— Ұқсамайтын басқаға
Әпенденің өзі екен. — Деді Қасқыр патшаға:
— Мен болайын Қожекең.
Патша оған бұрылып:
— Мейлің, болсаң, бол! — деді.
Аңдар тобы шұбырып
Тағы да алға өрледі.
Ұзамай топ жолында
Тағы бір жан жолықты.
Найзасы бар қолында,
Топты алыстан көріпті.
— Жалғыз жүрген жапанда
Кімсің? — деді патшам оған.
— Үйде бекер жатам ба,
Осы маңда баспанам.
Желаяқпын мен деген,
Біреу «жүгір!» десе — ағам.
Жарысамын желменен,
Жете алмайды еш адам.
Патша оған мән-жайды
Айтса, ол бірден ұғынды.
Аңғарған соң ау-жайды,
Шаршы топқа бұрылды:
Тез жетемін қайда да,
Жұрттың сырын білемін.
Желаяқпын жай ғана,
— Мен бол, — деді, — біреуің.
Секең қағып Қоян кеп:
— Зулау маған тиімді.
Мен Желаяқ болам, — деп
Арыстанға иілді.
Патша оған бұрылып:
Мейлің, болсаң, бол, — деді.
Аңдар тобы шұбырып,
Тағы да алға өрледі.
Шығып өстіп жолға алыс,
Қанды аңдардың құмары.
Бір мезетте Жолбарыс
Арыстаннан сұрады:
Аң біткеннің бәрі де,
Жөнін тапты қолдап сіз.
Мәртебелі хан ие,
Өзіңіз кім болмақсыз?
Деді Арыстан:
— Мен деген
Патшамын ғой әманда.
Бірге тойлап елменен
Патша болып қалам да.
Сөйтіп аңдар шұбырып,
Кең алаңға жетіпті.
Шашу шашып, жүгіріп,
Тойды бастап кетіпті.
Әйгерім Бөрібаева,
8-класс оқушысы.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе ауданы
Қурайлы селосы.
