Ескі архив · 31.03.2011 14:59

Қобыз

Екі мың жылдан артық тарихы бар ұлтымыздың қобыз аспабы бізге еш өзгеріссіз аман-сау жетті. Қобыз деген кезде біз Қорқыт баба, Нышан абыздардан бастап Жаппас Қаламбаевқа тірелетініміз анық. Осы қобызымыз келер ұрпаққа аман-сау жете ме? Міне, осы мәселе бізді қатты толғандырады. 1934-ші жылы қазақ халық аспаптар оркестрі құрылды. Оның негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және алғашқы дирижері академик, өнертану ғылымыныңдокторы, ҚазССр-ның халық артисі, профессор Ахмет Жұбанов болды. Тек ұлттық нақышта қалып қоймай, Европа мәдениетіне жету мақсатындағы еліктеушіліктің кесірінен қыл қобыздарды сым-қобыздар ысыра бастады. Осының нәтижесінде үш шекті, кейін келе төрт шекті қобыздар пайда болды. Бұның бәрі де қобыздың диапазонын кеңейту мен үнін жақсарту мақсатында және позициядан позицияға оңай көшуі үшін жасалды. Сексенінші жылдың орта шенінде прима-қобыздардың астыңғы бөлігінің тері қабатының орынына ағаш беттер тағыла бастады. Міне, осы кезеңнен бастап қазақтың қобызының скрипкадан еш айырмасы қалмады. Бір ғана айырмашылығы скрипка иек астына тіреліп тартылатын болса, прима қобыз екі аяқтың ортасына қойылу арқылы тартылады. Беті терімен тартылған прима-қобыздың дауысы қою әрі жұмсақ шығып, адамның жүрек қылын тербейді. Ал, ағашпен қапталған прима-қобыздың дауысының қандай екені баршамызға аян. Қазіргі таңда еліміздің оркестрлерінің ішінде Қали Байжанов концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ ұлттық аспаптар оркестрінде ғана терімен қапталған прима-қобыздар бар. Басқа оркестрлердегі прима-қобыздар жетістіктің құрбандығына айналып кеткен. Сөз басында айтып кеткеніміздей бабалардан бізге жеткен қобызымыздың аман-сау келер ұрпаққа жетуі біздердің қолымызда. Бұл мәселелерге көз жұмбайлықпен қарамай бір шешімін шығаруымыз керек.
Авторы:
Abilakim

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту