Ескі архив · 06.04.2011 09:39

Мен ұсынатын үш кітап

Уа, жамағат! … Нұрғиса ағам эстафета таяқшасын бергенде, ойланып қалдым. Бұрын-соңды тек тасада тұрып тас пікір атып, (оның өзінде қайбір жетіскен пікір болсын! ), ұнағанға +қойып, ұнамағанды сөгіп үйреніп қалған маған бұл «оңай тимеді». Не де болса, жазуға тырысып көруге бел байладым. 1. Сәуірбек Бақбергенов «Он үшінші ойыншы» (повесть) Сірә, бұл авторды естігендерден естімеген көп шығар. Өзі аз жазады, дегенмен шығармалары тартымды, тілі жатық. Бала кезімізде үй сөресінде толып тұрған кітаптардың ең арт жағында тұратын осы көнетоз, мұқабасы аздап жыртылған қоңырқай кітап мені қатты ынтықтырды. Оқиға шындық өмірде болған екен. 1968 жылы ауыл, облыс, республика тұрмақ одақ көлеміне жетіп, жүлдегер болған «Шалқар» футбол командасы жайлы. (Ал, сіз мұны естіп пе едіңіз?)… Кеңес кезіндегі ауылдың қара сирақ қарадомалақтарының кешқұрым жиналып алып, шаңды аспанға көтеріп, футбол ойнауы, оларды жиі қадағалап жүретін ауыл мектебінің дене шынықтыру мұғалімі… Олардың қара күшін босқа зарықтырғанша, әлгі мұғалім балалардың үздіктерін жиып, команда жасақтап, түрлі жарыстарға қатыса бастайды. Оқиға осылай басталады. Жалпы повесть бас кейіпкер Айдардың өмірімен қатар өрбіп отырады. Футболға деген қызығушылық, қызу еңбек, қатал жаттықтырушы… Кейінірек үлкенді-кішілі жарыстарға да шыққан сәттегі баланы толқынысы, жеңіске деген құштарлығы, анасына, туған жерге, сүйген қызына деген сағыныш… Бізден бір дерек: Мен бала кезімде повестің бас кейіпкерінің прототипімен жолыққам, (өмірдегі шын аты Аманғали Аймұрзаев — қазір ауылдағы (ОҚО, Созақ ауданындағы) атқамінерлердің бір) ол сәтте бұл шығарманы оқыған жоқ едім. Шіркін, енді ауылға бір жолым түссе, жақсылап әңгіме-дүкен құрар едім… 2. Роза Мұқанова «Мәңгілік бала бейне». «… О, жарық ай! Мүсіркеме сен мені! Мен күнәсіз қыз боламын, Сезімім бүтін, ақылым дұрыс. Алайда, мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам емес, адам пейілін тәубаға түсіретін мүгедекпін. Қарауылдың адамдары мені көрген сайын: «Мұны Алла тағала адамдар тәбасына келсін, қол аяғының саулығына, он екі мүшесінің дін амандығына шүкір етсін деп жаратқан»- дейді. Солай ма, сен айтшы, жарық ай?!.» Тура осылай сай жағалап, тасада тығылып, аймен сырласатын мүгедек Ләйлек қарғыс атқыр полигонның құрбаны. Бұл шығарманы ұсынуымның бір себебі — адамдықтан безінген қоғам осыны оқыса екен, бір ойланса екен, деніңнің саулығы барда шүкірлігі жоқтар ойланса екен деген ой еді… «МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕНІ» мен ең алғаш киносынан көрген ем (Сатыбалды Нарымбетовтың «Қызжылаған» фильмі — www.kino-teatr.ru/kino/movie/post/8497/annot/). Одан соң әкемтеатр сахнасынан да көрдім (драмалық нұсқасын). Соңында кітабін (дәлірегі әңгімесін) оқыдым. Айтар ойы бір болғанымен, үшеуі үш түрлі дүние. Ешкім де жанын түсінгісі келмейтін мүгедек Ләйлек, жоқшылықтан безінген тәтесі Қатира, Ләйлектің арманына айналған Құмар, Ләйлек секілді мүгедек болса да, жанын әнмен жұбатқан Болтай, жынды Шөміш негізгі образдар осы! Жасы өссе де, дене тұрқы мен ойы әлі балаң қалпында қалған Ләйлектің тағдыры кімді де болса, ойлантпай қоймасы анық. Әсіресе, сайлау кезінде ауылға келген депутаттар Ләйлекті жұрт алдына шығарып, полигон құрбандарына қорған боламыз деген желеумен қызды көндірмекші болғанымен, ол ойларынан түк шықпайды. Алайда, оның жанына жақын тек Құмар екендігін біліп,Құмарға қызды көндірсе, ақшасыз қалмайтындығын айтқанда, Құмардың арсыздығы – заман шындығы! Мұның барлығы да соңында мүгедек қыздың ішқұсалықтан өлуімен бітеді… Ал, киносында Құмардың Ләйлекті зорлауы, соңында мүгедек Ләйлектің ана атануы – бұл да бір режиссерлік шешім шығар, дегенмен, кино онша көп әсер ете қоймады. Бізден бір дерек: Бұл әңгімені оқып болған соң, пьесасын және киносын көруге кеңес берем. :) Киносы жайлы дерек қойғым келген, техникалық сауатсыздықтың кесірінен (видеосын қоя алмадым) «жоспар» орындалмады. 3.Дулат Исабеков «Қарғын» романы «Қарғын». Шығарма совхоз басшысының әдемі де ақылды қызы Бағила мен сол кездің дүркіреген жазушысы Жасын Мәдиев хақында. Жас қыз қалаға арман қуалап, университетке түсуге келеді. Әкесі пойызда бір купеден орын алған жас жігітті өзге купеге ауыстыртып жібереді. Алайда, жігіттің жатқан жастығының астынан бір жапырақ қағаз шығады. Воооот, барлық қызық осы жерден басталады. Бағила расымен де әлгі бейтаныс жігітке ғашық боп қалғандығын сезбейді. Алматы асып, университет табалдырығын аттап, әдеттегісінше оқудан қайтып келе жатып баяғы бейтаныс жігітке тағы да ұшырасады. Жасынның жазушы екендігінен хабарсыз Бағила оның сөз саптасына, өзін өзгелерден айрықша сезінуіне қатты таңғалып, «ғашықтық ғаламатын» бастан өткере береді. Жасын жазушымыз болса, әйелі, екі баласы бар отағасы еді. Уақыт өте қыз барлық нәрседен хабардар болады. Сезім қашанда адам санасын жеңеді емес пе, Бағила ол ойынан бас тарта алмайды. Очм, не керек, соңында екеуі қосылады… Бізден бір дерек: Бұл шығарманың прототипі (Өткен жолы Өркен мырза аты мен шығармасын тілге тиек еткен) — Асқар Сүлейменов.(Мұны Дулат Исабековпен болған әңгімеден естігем.) Ал, мен бір қызық айтайын, бұл шығарманың дәл қазіргі прототипі Сатыбалдыны аңғартады (иә, иә, дәл түстіңіз, өзіміздің Кербебааев). Мен Сатыбалдыны дәл осылай елестеткен ем. Өздеріңіз де оқып көріңіз, сонда түсінерсіз. Эстафетаны беру уақытын кешіктіргенім үшін кешірім сұраймын, мен таяқшаны SAMMITA МАДЛЕН ханымға беремін. МАДЛЕН ХАНЫМ, ІСКЕ СӘТ!
Авторы:
TERISKEY

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту