Дүние кезек...
Кішкентай кезімде әке-шешем маған көбірек көңіл бөлгенін, көбірек бірге уақыт өткізгенін қалап тұратынмын. Үлкендердің проблемасы азайған ба, балаларды қалай жеткізем (заманның оңай емес кезі), өсіріп-өндірем дегендей, тағы басқа алаңдайтын жұмыс, т.с.с. бар, общым, қалағаның бола бермейтін. Бір жеткен жетістігің болса, онымен бөліскенше асығасың да, бөліскеннен кейінгі үлкендердің реакциясы сен күткендей бола бермейді (мысалы, сен айтқан керемет жаңалық олардың күнделікті күйбең тіршілігінің арасында титтей болып оларға маңызсыз болып көрінеді дегендей)… іштей бұртиясың…
Кәмелетке толдық. Оқу бітті. Жұмыс, тағысын тағы, күйбең тіршіліктің көкесі енді менде басталды. Ал ата-анам керісінше, жасы ұлғайған сайын, балаларына үйірсектеніп, солардың қызығын көрсем деп қалап тұратын секілді. Әр нәрсені қызығып сұрайды қазір. «Жұмысыңда не жаңалық?,» "қайда бардың?", «не істедің», т.с.с. Менің болса «жұмысым толып тұр», «шаруам көп», «тез-тез айтшы, көп тыңдауға уақытым жоқ»…
Жаңа бір жылап алдым. Таңертеңгі әкеме айтқан сөздерімнің дұрыс еместігін түсініп отырмын. Әкем ренжігенін көрсетпесе де іштей сездім… Менің бала кезімдегі тау қозғалса қозғалмайтын мықты, "қолынан келмейтін нәрсесі жоқ", «барлық сұраққа жауапты білетін», артық әңгіме айтып мазасын алуға болмайтын адамның сезімтал, көңілшек, ранимый (қазақша баламасы еске түспей отыр) адамға айналып бара жатқанын байқамаппын…
Бір таксист орыс шалдың айтқаны бар еді, "әке-шешеңді ренжітпе. Сені нендей жағдай болса да қолдайтын солар" деп (әңгімені созып айтпай ақ қояйын, неден басталғанын ол сөздің). Сырт жерде абайлап жүргенмен, үйде жүргенде сөйлеп қалып барып ойланатын адаммын. Енді ойланып сөйлейінші…
