Алматының жұрты неге дүрлікті?
Мамырдың 1-і таңғы 8.31-де Алматының халқы Жапондардың «шекпенін» киіп оянды. Соларша жер сілкінісінен оянды дегенім ғой. 30 секундтай Алатаудың баурайын теңселткен дүмпудің ошағы Алматыдан 75 шақырым жердегі Моловодное ауылының маңы, онда сілкініс 5.4 балл, Алматыда 4 балл болды. (Европалық сейсмология орталығының деректері бойынша бұның артынан 9 рет кішігірім сілкіністер болды. Күші сәл жоғарылығы осы 8.31-дегі…) Сонымен бәрі тәмам болуы керек еді. Алайда кеш батысымен ел арасында 9 немесе 12 баллдық жер сілкінеді деген гу-гумен дүрбелең басталып, ел көшеге шығып кетті. Неге? Бәрін ретімен.
Таңғы сілкініс бола салысымен ҚазАқпаратқа ақпарат алу үшін сейсмология институтына хабарласқам. Тура жарты сағат бойы телефон дың-дың. Жарты сағаттан соң көтерген әйел бүгін демалыс екендігін айтып, телефон тұтқасын тастай салды. Бұл 9 шамасы болатын. Тағы тердік, тағы да зіркіл жауап. Ойбоу енді қанша балл болғандығын шет елдік БАҚ-тан естиміз ба дедік, төтенше жағдайлар департаментіне звондаңдар, деді зіркіл дауыс. Тура солай болды. Шет елдік БАҚ-тан алмасақ та Европалық сейсмологиялық жағдайды бақылау ұйымының мына сайтынан www.emsc-csem.org керек ақпаратты таптық. Артынан төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларын басқару орталығына хабарласып, жоғарыдағы сайттағы деректерді мақұлдаттық. Сосын барып Астанаға редакторларыма жібердім. Ешкімнен ақпарат ала алмаған болуы керек ҚазТАГ нақтыланбаған ақпаратты жариялады. Сейсмология институтының сайтында сілкініс туралы ләм-мим. Бір ауыз жоқ. Дәл сол қалпында түске дейін тұрды. Құзырлы орындар дұрыс ақпарат бермеді, бұдан кейін БАҚ та оң ақпарат бермеді. Түстен кейін гу-гу тарай бастады. Туыс-таныстарымыз хабарласып, бүгін кешке қатты жер сілкінеді екен, не хабар десіп жатты. Біз ресми ақпарат жоқ, дүрлікпеңдер дестік. Ақпарат алуға тағы сейсмология институтына хабарластық, дың-дың телефоны. Сосын таңғы зіркілді естіп жүрек шайлығып қалған, құрсын дедік. Звондағандардың біреуінің айтуынша жер сілкінеді деп әкімшіліктен звондапты, біреулерінің айтуынша интернеттен оқыған, біреуі телеарналардан хабарлады, біреуі досынан, біреуі екі-үш рет ақырын-ақырын жер дүмпуі екі-үш рет қайталанған соң өзі қауіптеніпті, біреу көшеге шығып жатқан елді көріп құжаттарын жинай бастапты. Ел арасында осындай өсек гулеп жатты. Кеш бата халық дүрлігіп, көшеге шыға бастады. Досымның көлігімен Абай-Сайын көшесінен Райымбек даңғылынан дейін түстім, көше бойынан 2 мыңға жуық адамды көрдім. Бұндайлардың «жаман ойын» көшеге өрт сөндіргіш көліктермен, полицияның көліктерінің қаптауы одан ары үдетті. Біздің сейсмологтар сол кезде барып оянды. 12-ге таман журналистерге хабарласып, баспасөз мәслихатын өткізді, 12-де Алматы телеарнасынан тікелей эфирге шығып елді жұбату айтты. 6 баллдан аспаған соң елге хабарлау қажетсіз,- деді Сейсмология институының директоры Таңатқан Абақанов мырза. 6 балл болса жер сілкінісінің зардаптарын көруге болатыны түсінікті. Ал ондай жерде жер сілкінді деп хабарлаудың қажетсіздігі былай да түсінікті. Өсек таратқандарды тауып, жазалаймыз деді тағы сол Таңатқан. Менің БАҚ-пен, қоғаммен байланысты дұрыс жолға қоймағаным үшін осындай дүрбелең туды демеді сейсмология институтының деректірі. Қоғаммен байланыстың жазылмаған заңы бойынша билік халыққа жағдайды түсіндіріп, байланысқа шықпаған соң түрлі өсек шығып, дүрбелең туатыны белгілі. Кешегі жағдай соның салдары болды.Абақанов таңғы сілкіністен соң-ақ алғашқы ақпараттарды алысымен журналистерді жинап, тікелей эфирге шығып, майда сілкіністер боларын, одан қорқудың қажеті жоқтығын, дүрбелеңге бой алдырмауын ескерту керек еді. Ал, бұл болмаған соң өсектен-өсек, дүрбелең туды. Абақанов мырза талай жыл жасамаған бұқарамен байланысын түнгі он екіде жасап, басу айтты. Бұл біздің кейбір органдардың қоғаммен байланысты дұрыс жүзеге асыра алмайтынын көрсетіп отыр.
ПыСы. Абақанов мырза сізге аз-мәз ақылсымақ – БАҚ-пен байланыс, қоғамен байланысты дұрыс жолға қою қажет. БАҚ пен ел Қазақстан аумағында болған жер сілкінісі туралы ақпаратты шет елдік сайттан емес, сейсмология инстиутының сайтынан алуы керек. Тіпті Қазақстандағы жер сілкінісінің жағдайы туралы арнайы сайт ашып, БАҚ-пен, қоғаммен байланыс мамандары қызметін енгізу қажет. Жер сілкінісі туралы ақпаратты халық өсектен емес, сіздің немесе мамандардың аузынан естуі керек. Бұл ақпарат ел көшеге шығып кеткен соң емес, көшеге шығудың алдында айтылуы керек. Сіз айтқандай 6 балдан соң емес, 3 балдан асқан соң –ақ халыққа БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Өйткені қазір әлемді Жапония елесі кезіп жүр. Халық үркіп қалған. Жер дір етсе, бәрі дүр етуге дайын. Кеше көзіңіз жеткен болар. Айтпақшы Абақанов мырза сіз сейсмология институтын басқарып отырған соң сізге бағыттап отырмыз. Әйтпесе алты аласа, бес бересеміз жоқ сізде. Халық дүрбелеңі үшін емес, халық игілігі үшін қызмет ете беріңіз.
ПыСы. Айтпақшы бұл кеше Алматыда тек осы бір ғана дүрбелең болған жоқ. Елдің бірі жер сілкінісі туралы мифке сеніп жатса, тағы біреулері бірі Думан ықшам ауданы маңындағы бос жерді басып алуға талпыныпты. Нақты емес ақпарат бойынша 1,5 мыңнан-10 мыңға жейін адам Думан жаққа жиналып жерге учаскелерін басып алуға талпынып, қазық қаға бастаған көрінеді. Билік өкілдеріне құлақ аспапты. Бүгін жеткен еміс-еміс ақпаратқа қарағанда қазір ол аумақты әскерилер пен полиция қоршап алып, жерді босатып жатқан көрінеді. Бұлардың көпшілігі де жерді тегін таратып жатыр деген өсекке сеніп жеткендер. Өйткені өз басыма тегін таратып жатыр екен ғой деп бірнеше адам хабарласты. Артынан өсек екендігін біліп, қап деп жатты. Жалпы кешегі күннен көргенім біздің халықтың басым бөлігі өсек, гу-гу жел сөзге көбірек құлақ асады. Ақпаратты анықтау, растығына көз жеткізу жоқ. Абақанов үндемесе де көзі қарақты адам жер сілкінісі туралы ақпаратты естіген соң төтенше жағдайлар департаменті ол болмаса тіпті полицияға, жергілікті әкімшілікке, басқа да құзырлы органдарға хабарласып жөн сұрап алған жөн. Ресми БАҚ ақпараттарына (интернеттегі кез-келген ақпарат, жеке сайттарға емес) көз салу қажет. Егер қатты жер сілкінетін немесе төтенше жағдай алдын-ала болжанса билік халықты құлақтандырмай қоятын ақымақ емес шығар. (Бірақ Қызылағаш оқиғасынан соң халық қорқып қалған).Жалпы кез-келген нәрсеге көз жеткізу, анықтап алуды ұмытпаған дұрыс. Сосын бәрі алланың қолындағы нәрсе екендігін ұмытпағайсыз. Аллаһ қауіп-қатерден сақтасын, аман болайық!
Түпнұсқа осында. azanbekov.wordpress.com/2011/05/02/алматының-жұрты-неге-дүрлікті/
