Ескі архив · 16.05.2011 11:38

Пай, пай, шіркін, қазақтың сөздерін-ай...

Әбіләкім "мойындапты". Ерлікке татитын, соған баланатын тұс ол. Асабалыққа мән һәм шырай кіргізудегі басты алғышарттарды түйіндей білді деп білемін. «Мойындаудан» шығады. Қарап отырсаңыз, қазақ сөзінің шығу тегінде де заңдылық бар. «Мойындай» — мойыннан, басты изегенде мойын да ширақ қимылдайды. Дәл осы сияқты «бастау» бар. Әр ненің қайнаркөзі, бастау бұлағы — басы. «Бастап жібер!», «Тамақты бізсіз бастай беріңдер», керекинфода «Тақырып баста» дейміз. "Қолдау" да бар. Әл кеткен әлдекімге, қолынан қауқар кеткен әлдебіреуге қолдау көрсету игі іс. Тәрбиекөргендіктің белгісі. «Аяқтау» болмай тағы болмайды. Кино бас-аяғы бір жарым сағатқа созылды дейміз рецензия беріп жатып. «Осы тәтті мезеттер аяқталмаса екен!» деп қиялдайды қос ғашық. «Көздеу» бар. Құралайды көзге ататын мергендер дәл көздейді. Сосын, келісімшарттар да белгілі бір мақсаттарды көздейді. Қарап отырсаң, ауызекі тілде күнделікті қолданыс аясындағы сөздердің шығу этимологиясын зерделей түскенге ұғынар қарапайым заңдылықтар шаш-етектен. Осы жазбамен бастау алып отырған аттас қауымдастыққа жанашырлар қолдау көрсетуді көздесе, жақсы бастама жақын арада аяқтала қоймасын мойындап көрейік. Қазақшаға тіл ұстарту бір бөлек, сөзжасам алгоритміне зейін қою бір бөлек. Отыз тістен шыққан әрбір сөзімізді таразылап, мән-мағынасын салмақтай отыруға машықтанайық.
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту