Жұмыс, шаршау және мен
Утомляет не столько сам труд, сколько мысли о нем.
КВИНТИЛИАН Марк Фабий
Кішкентай кезімде тапсырылған істі жасағым келмей, қылжия бастасам, мамам «Көз — қорқақ, қол — батыр» деп "өшіріп" тастаушы еді.
Қазір осы мақал маған аса өзекті болып отыр. Бірақ, жұмыс жасамауымның себебі жалқаулығымның желкелегінен емес, комп алдына отырсам бітті көзімнің қарауытып, басымның ауыра кететініне байланысты. Әйтпесе, алып, айырып-айырып тастайтын шаруа жетеді. Ия, солай. Жетеді…
Адамның өмірі (Өмір деп аса жоғары мағыналы, құнды пәлсапалық ойларға ие құбылысты емес, кәдімгі ит-шошқа күйбең тірлікті айтып отырмын) ой мен қырдан тұрады (өзің боян). Мен осы қазір соның ойында жүрмін-ау. Әлдебір паралелльді әлемнен келген құлықсыздық пен көлденең істерге деген марғаулық мазамды қашырды. Бітпейтін бір берекесіздік басып алды. Я жұмысты жарытпаймын, я демалысты қатырмаймын.
Қаптағай келген, қажырлы, қайтпас қайсар, қайратты адамдар мұныма мұрын шүйіре қарап, «түсінбейміз» деді, жақын-жуығым «ниче, ниче, өтеді» деді, білгіштер "өйт, бүйт" деп біраз кеңес берді. Ну, йоп... Бірақ, маған қазір бұл керек емес. Өйтпеген жағдайда, клуб құрып, өзім секілділерді жинап, кезек-кезек сөйлеткізіп, сораларын ағызар едім/ағызар едік.
Гаста баяғыда бір менің жазбама «Сыртқа шық та біреумен ерегес, бірақ төбелесте жеңуді емес, таяқ жеуді көзде. Бір таяқ жеген соң өмірге құштарлығың оянады» деп пікір қалдырған еді. Кхм, кхм, сенбистер... Енді, міне, осы ақылдың актуальділігі артып, артынып-тартынып келіп қалған секілді.
Әрине, әлдекімнің ойынша, мен мұны иығыңызға басымды қойып, егіліп жылап, шер-мұңымды айтып, киіміңіздің жағасын былғайын деп жазып отырған жоқпын. Шынымды айтсам, қазір маған Сіздің жеке тұжырымыңыз, ойыңыз қызық емес. Пікіріңіз қызық. Пікіріңіз. Себебі, ақыл цензурасынан өткен ой алты-артына қарайды. Ол сонысымен де құнды.
Тек, жыламаңызшы… Мен бәрібір суицид жасамаймын.
