Сақал - нағыз еркектің сәні
Мұхтар Әуезов. Абай жолы. Бірінші кітап. Алматы. «Жазушы» баспасы.
Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. [9-бет]
Дәл осы кезде Майбасардың атшабары кіріп келді. Бұл бағана, кеште Құнанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай. [12-бет]
Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. [15-бет]
Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. [15-бет]
Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей – осы отырғандардың бәрінен де сұлу. [15-бет]
Қызыл жүзді, жирен сақалды Байсалдың денесі ірі, қапсағай. [15-бет]
Аттылар мінбелеп кеп түсіп жатты. Бұлар бес кісі екен. Бастығы Майбасардың қара сақал атшабары – Қамысбай. [26-бет]
Шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты ақ сары кісі Барлас Абайға салғаннан ұнады. [42-бет]
Кесек мұрынды, шоқша сақал, зор дауысты Түсіп Жігітектің Бөжейден соңғы басты адамының бірі болатын. [45-бет]
Қастарының арасынан түскен екі сай ажымы болушы еді. Сонысы қазір тереңдеп, қатты түйіліп алыпты. Бетінде ұзарып қарауытып шыққан түктер бар. [64-бет]
Толық дөңгелек денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай, тірсекжең қара қамзолдың сыртынан пұшпақ ішігін желбегей жамылып отыр екен. [79-бет]
Сұрғылт жүзі түнеріп, қатты ашумен қарайып бара жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып, біліне бастады. [80-бет]
Қасында қазақ тілмәш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзі қағылез келген арық сұр. Бұл тілмәш күндіз-түні осында келіп-кете беретін. [80-бет]
Майыр Құнанбай, Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге отырмай, Құнанбай қарсысындағы жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. [80-бет]
Бар топтың ентелеп қамағаны – үлкен ақ сақалды, келісті қарт екен. Өзі де күліп, топты да күлдіріп келе жатқан сол. [85-бет]
Кейінірек келе жатқан бір бурыл сақалдыдан Абай:
— Бұл кісі кім, аға?.. – деп еді. Анау таңданып:
— Е, білмеушімең, Шөжікеңді?.. О не дегенің?.. Бұл – Шөже ақын емес пе? – деді.
Шөженің атына Абай қанық, бірақ көргені осы. Атын ести сала ол бурыл сақалдан сытыла жөнеліп топтың алдыңғы қатарына ілесіп, Шөжені жақсылап қарап, сөзін тыңдай бастады. [85-бет]
Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты – Бөжей. Ақ сұр жүзі жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен сақалына кешкі аяз қылау салыпты. [87-бет]
Шоқша бурыл сақалы бар, жал тұмсық, сұр жүзді бір кісі екен. [95-бет]
Үлкен қара сақалды, суық түсті Байдалы қонақтардың бетіне қарамай, мойнын есік жаққа бұрып отыр. [121-бет]
Оларға үйреншікті құбылыс, қазір бізге бөтен болып көрінеді… Қайсысы ұсқынсыз?!
