Мен көрген Исматулла. 1-бөлім.
«Ақиқаттың» ақыры дауға ұласары о бастан-ақ белгілі болған. Себебі, әркім өзінің танығанын ғана ақиқат деп біледі және әркім өзінің ақиқатын жан салып қорғайды. Сондықтан соңғы уақытта ақпа-рат кеңістігін қаптаған, мақаласы бар, коментарийі бар, қалың пікірлер легін қалыпты құбылыс деп бағамдауға болады. Мыңдаған адамның миына кіріп алған идеологияға қарсы сөз айту, оны жоққа шығару сөзсіз осындай қарсылыққа ұшырауы тиіс.
Алайда, сол пікірлердің дені тақырыпқа қатыссыз қарсылықтардан, дәлел-дәйексіз айыптаулардан құралып жатса ше?
Рас, ғаламтор бетіне қайызғақтай қаптаған «комменттерге» назар салсаңыз, дені, дені емес бәрі «Хабарды» қаралаған, «Ақиқаттың» кейіпкерлерін ақтаған пікірлер. Оқи беріп жалығасың. Жалығып қана қоймайсың, 300-400 кісінің «шаруасын» өздері «тындырып», жер-көктің бәрі Исматулланың жақтастары екен дегізердей жаһанторды шулатып жатқан бас аяғы 5-6 адам екенін аңғарасың. Ол әрекеттері сәтсіз де емес. Осы күні күллі Қазақстан «сопы», «уахаб» боп екі топқа бөлініп алып қырқысып жатқандай әсер қалдырады. «Сопылар» көп екен. Жетпіс жеті атамыздан тартып, осы күнге дейінгі қазақтардың бәрі зікірді қолдайды екен. Оларды құптамаған адам «уахаб» деп аталады-мыс. Күллі жұрт Исматулланың аузына қарап отырғанда әлгі ақымақтар ел ішіне іріткі сап бітіпті. «Хабар» да сол бүлікшілердің қатарында көрінеді. Интернетке кірсеңіз, осындай ой түйіп шығасыз. Сол ойдың бәрін қалыптастырып отырған сол баяғы 5-6 адам. Қатыссыз қарсылықтар мен дәйексіз айыптаулар дегенімізді түсініп отырған боларсыз. «Авторы неге айтылмайды?» «Неге анау сөйлемейді?» «Осы күнге дейін неге үндемеген?» «Тапсырысты берген кім?»… деген сықпыттағы лағулар. Бір қарағанда орынды сауалдар секілді, бірақ лағу. Тақырыптан шығып, назарды бөлу. Әйтпегенде, авторды айтса, қайте қояйын дейді? ҚМДБ сөйлесе, Исматулланы қорғап алатын ба еді? Тапсырыс болған болмағанында тұрған не тұр? Иә, тапсырыспен жасалды десе, фильмде айтылған фактілердің салмағы кеміп қала ма? Айтпақшы, кейбір кісілер айтпаған сөзді айтқызып, «Хабардың» өзіне шабуыл жасапты. Иассауиді» қараладыңдар дейді. Бірақ Қожа Ахмет бабамыз жайлы айтқан (егер айтылған болса) бірде-бір цитата келтірмейді.
Қысқасы, «Хабар» айтқан «Ақиқатқа» қарсылық көп болғанмен, жарымжан пікірлер ақиқатқа тосқауыл қоя алмады. Мен өзім де «Хабар» арнасының журналисі ретінде фильм дайындау барысында куә болған кейбір нәрселерді айта кеткенді жөн санап отырмын.
Алдымен Исматулла Әбдіғаппардың жеке тұлғасына қатысты айтайық. Өзінің айтуынша, 1944 жылы туылған. Әкесінің аты – Әбділәли. Әбдіғаппар – атасының есімі болса керек. Маймақ ишанның шөбересімін деуден танбайды. Сол дерекке сүйенсек, Әбдіғаппардың әкесі – Маймақ.
Ата-текке текке тоқталып отырған жоқпыз. Исматуллаға қатысты деректерде оның аты бірнеше текпен аталады. Мәселен, 1999 жылы Пәкістанға депортацияланған кезде оқылған сот үкімінен құжаттағы аты-жөні Муллабай Асматулла Абдулхабар болғанын көреміз. Көп ұзамай Қазақстанға қайтып келген Исматулла 2002 жылы біздің елдің төлқұжат алады. Ондағы ныспысы – Абдугаппар Исматулла (әкесінің аты көрсетілмеген). Ал қалың бұқара бұл кісінің жоғарыда аталған фамилияларын біле бермейді. Мақсұм деген атпен таниды. «Құран сырларының әліппесі», «Жария зікірдің дәлелі» аталатын екі кітабында солай көрсетілген.
Мақсұм – пайғамбарларға айтылатын сипат. Күнәдан сақтаулы деген мағынаны береді. Алланың адамдарға жіберілген елшілері күнә жасамайды. Ал өзге бірде-бір пенде мұндай мәртебеге ие емес. Мақсұм – баста айттық, рухани көсемнің әкесінің де, атасының да, арғы атасының да, бабасының да, руының да аты емес. Саналы түрде өзіне теліп алған ныспысы. Осы есімнің өзінен-ақ діни көсемнің өз «менін» бірінші кезекке қоятынын аңғаруға болады.
Есім-сой тақырыбын түрте берсек, ар жағынан «тақсыр» деген қаратпа сөздің, яки қосарлы айқындауыштың шыға келері сөзсіз. Ежелден-ақ бағыныштыдан билеушіге бағытталатын бұл сөздің мағынасы құрметтен гөрі құлдық ұруға жақын екенін сөз ұғатын кез-келген адам біледі. Бұл пікірімізді тырнақ астынан кір іздеу емес, «ол бір өзімен-өзі жүрген қара шал ғой», «қазақтың қарапайым ақсақалы ғой» деген ақталуларға келіспейтініміздің белгісі деп қабылдаңыз. Исматулланың маңында жүрген бірде-бір адам оны ақсақал, ата, аға, Смеке деп атамайды. Тақсыр дейді. Бітті. Ал фильмде медресе аспазының аузымен айтылған «қол қусырып кіреміз, қолынан сүйіп құрмет көрсетеміз, сосын артымызды бермей, «задний ходпен» қайтып шығып кетеміз» деген «естеліктен» мұндай әрекеттің шын ықылас-ниетпен істелген сый-құрметтен гөрі қалыптасқан ритуалға жақын екенін аңғару қиын емес.
Ары қарай кеттік. Асылы, аты-жөн мен атақ-даңқтың ар жақ, бер жағынан-ақ көп нәрсе таратуға болады. Соның бірі Исматулланы мүридтерінің әулие деп тануы. Әулие – Алланың досы деген сөз. Мүридтердің көбі оның әулие екеніне және кереметтер жасай алатынына сенеді. Шексіз құрметтің бір ұшы осы сенімге кеп тіреледі десек, қателеспеспіз. Ауғанстанда жүргенде жайнамазымен снаряд тоқтатып, бір топ әскерді аман алып қалған ерлігін «Ақиқат» арқылы естіп білдік. Фильмге енбей қалған тағы бір «дерек», талдықорғандық мүрид Алмас Исақовтың айтуынша, әулиеліктің ең төменгі дәрежесіндегі адам секундына 300 мың шақырым жылдамдықпен ұша алатын көрінеді. Мұндай әңгімелерді олар ойдан шығарды ма? Ойдан шығармаса, кім айтты? Айтпақшы, маңғыстаулық Ибрагим Кентанның айтқан сөзі ше? Көлік ішінде әңгімелесіп келе жатып қызды-қыздымен «ол кісінің камерасына құлып тұрмай жатыр, ішінде жүзім өсіп тұр, әулиелерге періштелер қызмет етеді» деп соғып жіберді. Соғып жіберді дейтініміз, кейін сұқбат кезінде осы сөзін камераға айтпай біраз бұлғақтағаны бар. Ол мейлі дейміз ғой. Ол әңгімелерге сеніп те қалуымыз ықтимал еді ғой, осыны сауал етіп тақсырдың өзіне қоймағанда. «Сізді әулие деп айтады?» деген сұрағымызға «мен әулиелердің басқан ізіне татымаймын» деген жауап алдық. Ал «камераңызда жүзім өсіп тұрған көрінеді» деген сауалға келгенде сұқбат берушіміз ал кеп туласын. «Соны да сөз деп айтып тұрсың ба?» деп өзімізге түсініксіз шабуыл жасады. Дегенмен, ол шабуыл нәтижелі болды. Со күйі жүзімнің өскен өспегенін біле алмадық. Сұқбат тоқтатылды. Ал құлыптың жайын күзетшілерден сұрап білдік. Ашылмапты. Мұны қалай түсінеміз? Исматулланың әулие екенін өзі білмейді, бірақ шәкірттері біледі деп пе? Шәкірттерге оның әулие екенін кім айтыпты? Әулиенің басқан ізіне татымаса, неге медреседегілерге мені әулие деп айтпаңдар деп ескерту жасамаған?
Медреседе зәбір көргендердің бірі кейбір адамдардың Исматулланың қарғысынан қорқатынын айтып қалды. Расында, тәуір қарғайды екен. Онысын «пайғамбарлар да қарғаған» деп ақтайды. Ислам тарихында бізге мәлім мынадай бір әңгіме бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың алғашқы жылдарының бірінде, мұның дінін адамдар қабылдамай, түсінбей жатқан уақытта Мекке маңындағы екі таудың арасында орналасқан Тайф деген қалаға барады. Мұны таныған жұрт оны таспен атып қуалайды. Денесі жарақаттанып, кебісі қанға толып, әрең қашып құтылған Алла Елшісіне Жебрейіл періште келіп, қаласа, екі тауды қысып, қаланы жоқ етіп жіберемін деген мағынадағы Алланың сәлемін жеткізеді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың білместікпен істеп жатқандарын айтып, күнәларының кешірілуін тілеп дұға қылып, жаратқанға жалбарынады. Демек, сүннет бойынша мұсылман көркем мінезді болуы тиіс. Дін адамы тіпті де. Ал «Құдай төбелерінен ойсын!», «Маған тиіскен адамның ешқайсысы оңған емес!» деген сөздер кім-кімге болсын жағымсыз әсер ететіні анық. «Мені қолда, мені қолдамасаң, бәлеге ұшырайсың» ұстанымы «дінге шақыру – кімге шақыру?» деген сауалға сұранып тұрғандай ой қалдырады екен.
Атын атамай-ақ қоюды құп көрген бір дінтанушы өзінің біраз уақыт бұрын Исматулламен езіккенін әңгімелеп берді. Көсемнің көзқарасын қолдай қоймаған әлгі дінтанушы «жеті ұрпағың оңбайды» деген әйгілі қарғысты естіпті. «Шариғат бойынша, әкесінің күнәсін баласы арқаламайды» деп уәж айтқан бұған «бір жылдан соң өлесің» деп «диагноз» да қойып беріпті. Одан бері 3-4 жыл өтті, ағамыз арамызда жүр.
Айтпақшы, 7 емес, 77 ұрпаққа қатысты шартты қарғысты бұл пақырыңыз да естіп қалды. Ибрагим Кентаннан. Шартты болатын себебі, фильмді «дұрыстап» жасауымыз керек екен. Шарт сондай. Әйтпесе, 77 ұрпақ қарғысқа ұшырайды-мыс. Алла сақтасын!
(жалғасы бар)
