Ескі архив · 24.06.2011 18:56

Анар

Тақсам ба екен мойныңа дала шығын, Дейсің бірақ, даланың баласымын. Жанарыңнан жатырқап мына менің, Анарыңа қадалған қарашығым. Ірікілетін мың ойым ішімдегі, Кеудеңдегі бұлқынған күшің бе еді? Сол анарың сонау бір Семейдегі, «Қыземшек» тауын еске түсіргені… Анар деп басталатын асыл атың, Көкірегіңе самал жел асылатын. Шархатпен көмкерілген шағи көйлек, Төсіңдегі дөңесті жасыратын. Қою шашың өрнекті өрілетін, Арқаңа толқындана төгілетін. Әйелдік қасиетің мен бар болмысың, Анарыңда жатқандай көрінетін. Қымтап қойсаң денеңе қуатыңды, Еркек көзін басқаға бұратын-ды. Жолыққанда өзіңмен еріңдерім, Атыңды жүз қайталап тұратын-ды. Төсегіңнен тұрғанда ертеменен, Төсіңе күн телміріп ентелеген. Сен де әлі қойныңа құлатарсың, Өмірге әкелгенде тентек өрен. Бөбегің қойныңнан бал жұтар керім, Бебеулетіп бойыңнан құт әндерін. Бар әлемді тербетіп отырарсың, Анарыңнан аңқытып жұпар лебін. Содан соң ұйқысырап көз ілерсің, Мейірімнің шуағына көмілерсің. Анардың шын бағасын ей, адамзат! Анаңның құшағында сезінерсің. Олжас ҚАСЫМ
Авторы:
Kasymolzhas

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту