Жапырақ
Сағымдарға бөккенде атырабым,
Сағынышты жаныма шақырамын.
Мен ол қыздан үзгенде күдерімді,
Ағаш та үзіп жатты жапырағын.
Айрылып торғын төсті бақ гүлінен,
Қарағайлар тозаңын қақты кілең.
Ұшырғанда жүректен мұңның әнін,
Жапырағын тал ұшырып жатты білем.
Санамызға самарқау сәт келгесін,
Қаңтарлардың күтеміз ақ кемесін.
Өн бойымды тоңдырды күздің желі,
Жапырақтың солдырды пәк денесін.
Мезгілдің меңзеуімен жыл ығысып,
Күз жеңгеймен барамыз ұғынысып.
О, жапырақ сен үштың мәжбүрліктен,
Менің де ұзады алыс күнім ұшып.
Амал жоқ, жасар едім саған көмек,
Жаным – дала жапырақ маған керек.
Қорқамын мен тағдырдың табанына,
Сен секілді тапталып қалам ба деп.
Жә, жарар қанатыңды өмір шыңдар,
Аспанның жанарынан төгілсін зар.
Мүрдеңді ақ ұлпа қар көме жатар,
Кемсеңдеме қыс дейтін көмушің бар.
Егіліп, жыладың ба қырға құлап?
Тауларға кемсеңіңді тыңдатып ап.
Жабырқап әр жыл сайын отырамын,
Ағаштан жамыраса мың жапырақ.
Ағзам менің – жайқалған атырабым,
Ағзамды ойлап әр күні аһ ұрамын.
Өзімді ағаш па деп ойлап қоям,
Түз желіне ұрлатқан жапырағын.
Әуелден нәп-нәзік боп түзілгенсің,
Демеймін беймезгілде күзің келсін.
Әй, қиын ағаш құрлы бола алмаймыз,
Жүрек дейтін жапырақ үзілгесін.
Олжас Қасым
