Ескі архив · 25.06.2011 11:03

Майдангер атамен әңгіме

Түртпектеумен түні бойы, күндіз де, Мың сан күдік маза бермей жүр бізге. Ата, сіздер қанмен жазған тарихты, Біз қаламмен қайталаумен жүрміз бе? Тыныштық қой, арманымыз әр күндік, Дей алмаймыз жалындарға шарпылдық. Ата, сіздер жасап кеткен ерлікті, Біз өлеңде жасай алмай шарқ ұрдық. Уақыт таяу, сүрлеуімен жүргізгіз, Қайратыңның қаһарынан нұр жүзгіз. Ата, сіздер жеңіп келген жаулардың жалауларын, Желбіретіп біз жүрміз. Сізге, тағы айтар болсам бір шағым, Жайма шуақ күйіңізді құртамын. Ата, сіздер қорғап берген жерлерді, Өзгелерге арнап жатыр ұрпағың. Арнасам да батыр баба лағыл жыр, Тауыңызды тентек ұлың шағып жүр. Сіз ерлікпен тағып келген орденді, Бізде көбі ерліксіз-ақ тағып жүр. Абзал ата, маған сәл-сәл мұң шаққыз, Көкірегіңе көктемдерден гүл таққыз. Сіз соғыстан жұқтырдыңыз сырқатты, Қазір біздер соғыспай-ақ сырқатпыз. Дәл өзіңдей таба алмаспын сыйлы адам, Кеңдігін-ай, кең далаға сыймаған. Батырлықты «боевик» деп ұғамыз, Сіздің кезді көргеннен соң кинодан. Тұлпарға да мінген жалғыз аяқпен, Аюға да хат танытқан таяқпен. Ата, сіздер алып берген жеңісті, Ұрпақтарың сезінбейді-ау, әй, әттең… Олжас ҚАСЫМ
Авторы:
Kasymolzhas

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту