Ескі архив · 05.07.2011 22:22

Неге мен осындаймын

«Неге мен осындаймын деген гностикалық сұрақтар мазалай ма?» деген еді Сатыбалды екеуміздің жария болмаған бір сұхбатымызда. Шынымен де, неге мен осындаймын? Әке-шешем маған генімен бірге иықтылық пен сүйкімді күлкімді берді (бәрі солай айтады, білімге құштарлықты берді. Сыпайылыққа үйретті. Бірақ сол сыпайылықтың таяғын да біраз жеуші едім. Сол үшін сыпайылықты жау деп есептей бастадым. Бала кезде ойқастап, ерке болған мен жасөспірімдік кезде, күрт тұйық бола қалдым. Жүрген жерімде өзімді еркін сезінгім келді. Өзімді бір жерде ыңғайсыз сезініп, ұялып, сызылып, сенімсіз боп тұрсам соныма жыным келетін. Сол үшін өзіме жыным келетін. Бұл мен емес! Мен басқа едім ғой. Әрине, өз үйіңде өзіңсің. Ал өскен сайын жаңа жағдай, жаңа орталарға тап боласың. Және тап болу аясы мен сияқты жыбырлақ болсаң кеңейе береді екен. Балалық шағым бір сыныптан бір сыныпқа, бір мектептен екінші мектепке ауысумен өтті.Орталықтағы пәтерден шеткейдегі жер үйге көшкенімізді есептемегенде, жалғыз мектепте жүріп, есептеп отырсам, бір, екі, үш, мәссаған 15 шақты «коллектив» ауыстырыппын. ӘРбір орта ауысқан сайын сен новенькийсің, әрбір орта ауысқан сайын сен мандраж ұстайсың. Бірақ қорқа-қорқа қоян да батыр болады демекші, жәймендеп менің икемделгіш қасиеттерім дами бастады. Жаңа класқа келгенде тез сіңісу қасиетім уақыт өткен сайын дами берді. Өзім қызыққан саланың барлығында еркін сезінетіндей дағдыланғым келді. Ал ол үшін не керек? Практика, күресте мың рет жерге құлайтынмын, бір приемды жақсылап үйренгенімше. Содан кейін түсіңде оятып ап жаса десе, сол приемды ұйқылы ояу жасайтындай автоматизмға жететін едік. Сабақта мыңқылдап чмо боп тұрмау үшін жұрттан екі есе оқыдым, жігіттер арасында да конфликтті жағдайда удар алудан қорықпау үшін, біреу раз-на раз десе тізем дірілдеуші еді, содан общагадағы қырғын-төбелес бар жерге мұрнымды тыққыштай беретінмін. Бір күні мұрным бұзылып, бір-екі рет өзімнен кішіден таяқтың дәмін татқан соң, өзімнің қателіктерімді сараптап, келесі жолы жеңіліп қалмауды ойладым. Тағы бір -екі рет таяқ жеп бетім таяққа үйреніп кетті. Төбелесте өзімнің әлсіз тұстарым мен, мықты тұстарымды танып алған соң, конфликт жағдайында бұрыңғыға қарағанда сенімдірек бола бастадым. Барлық хоббилерімді бірдей жақсы көрдім. Нәтижесінде ешқайсысынан ерекше жетістік жасай алмадым. Бір тәулікте тек 24 сағат ғана бар. Оны қанша созуға тырыссаң да, одан артық бір сағат та қосылмайды. Егер құрбан ете алатын бір әрекетім болса, онда ол ұйқы деп ойладым. Ұйқы деген бәлені жеккөрдім. Өйткені ұйқтарға уақыт келгенде, ұйқыға уақытымды қимай, сілем қатқанша бірдеңемен айналысқым келетін. Содан бірнеше күн 3-4 сағат ғана ұйқтап жүрген соң әрине быт шыт боласың да бір күні өліктей құлап, қатарынан 15 сағат ұйқтайсың. Алайда бір жетістікке жету үшін, басқа жетістікті құрбан етуге тура келеді. Сабаққа ғана назар аударсам, жеке өмірім далада қалып, ботаник деген атқа ие болдым. Қыздарға көңіл бөліп, загулға кетсем, сабақтан проблемалар басталды. Спортта да командалық спортқа онша қызықпайтынмын. Мен қатысқан Кунг-фу- бірнеше ай, Еркін және қазақша күрес- 3 жылдай, бокс -бірнеше апта, Каратэ-До — бірнеше ай. Ешқайсынынан чемпион да, шебер де болмадым. Тұрақсыздығымның кесірінен қыз-қырқының көңілін табушылардың жабық форумында тіркеліп, сол қасқырлардың ортасына ілесіп, бір жылдан соң өзім де практикамнан ортаға жаңа әдіс-тәсілдер ендіре бастайтын жағдайға жеттім. Қалай таныстық бастаудан бастап, қалай жалықтырған қызбен айқай шусыз қоштасуға дейіңгі деңгейлерді бағындыруға дағдылана бастадық. Қызығы иняз жатақханасында, қыздар ер балалардан он есе көп еді. Яғни зертханалық материал қуанышқа орай молынан болды. Ауылдағы Музыка мектебінің муғаліміне вокалдан сабақтар алдым, кенет бір жерде өлең айта қалу керек болса, масқара болмайын деп. Гитарада ойнауды алдымен көшеден, онан соң Театральныйдың жігіттерінен үйрене бастадым. Мен қатыспаған дүние, мен қозғай алмайтын тақырып, мен дайындалмаған жағдай жоқ секілді көрінді. Тек көрінді ғана. Бір күні бір қыз мені мұз айдынына коньки тебуге шақырды. Оңтүстік Қызылордада қайдағы мұз айдыны?! Мен сырғанай білмеймін! Әңгімені басқа арнаға бұрып, өзімді еркін сезінетін жерге шақырсам нетті?? Жо-о-қ, мен өйтпедім. Оның орнына, Медеуге барып, бұрыннан теуіп жүрген адамша ешбір сұрақсыз маңғаздана конькиді тас қып байлап, айдынға шықтым. Сөйттім де масқара болдым. Жүз рет құлаған шығармын. Бірақ оны масқара деп жүрген мен жоқ. Тырқ-тырқ күлкі. Тоңқалаң асып, омақаса құлап жатсам да біресе аяғымды, біресе жамбасымды сипалап домалап жатырмын. Айтары жоқ, мастер класс көрсеттім. Ерегескенде келесі аптадан бастап, күнде «Мегаға» барып коньки үйренуді борыш қылдым. Адреналин ұрып тұр. Жол жөнекей әдемі қыздарға "үйретші" деп еркелеп, әдейі соқтығып, кешірім сұрап, телефонын ұрлап, кейбірімен кездесіп те жүрдім. Алғашқы этузиазмымның қарқыны басқа идеялармен салыстырғанда ұзаққа жетті. Бас-аяғы 2 апта дегенде бұл жобаның да қызығы тарқады. Өмір деген парадокс ғой. Тап сол тұрақсыздығым мені "қасқырлар" қауымдастығынан да жалықтыртып, басқа ермек іздеуге итермеледі. Алайда тап сол еріккен ізденіс, мені фундаменталды, тұрақты құндылықтарға әкеп тіреді. Сол үшін өмір сүргім келді. Сол үшін әлі де сүлдемді сүйретудемін. Білім деген күш болса, дағды деген одан да үлкен күш. Университет бітірген соң, жұмыстан жұмысқа ауысу әдеті пайда болды. Сегіз ай сайын басқа жұмысқа ауысқым келді де тұрды. Бір айда колективке сіңіп кетіп, өзімнің ережелірімді енгізе бастайтын әдетім бар еді. небары алты жыл ішінде мен мебель жинаушы, шіркеуде дәріс беруші, мұнай өндіру құрал-жабдықтарын фирмада сауда саттық маманы, спорттық магазиннің зав.склады, канцтауар сататын фирманың маркетологы, аудармашы, логист, сақтандырушы, лифт сататын компанияда жобалар менеджері, ауылдық газет редакторы, ағылшын курстарынан репетитор болып, тіпті телевидениеде 1 апта бақ сынап, оңбай сыналып қайта аудармашы болдым. Тұрақсыздық. Бұл менің үлкен минусым болды. Оған қоса алаңғасарлық. Назарды бір бағытта ұстай алмаушылық. Бір дүниеден екінші дүниеге назарым бөлінсе, сол жаққа толығымен ауып кететін. Өзіме қоятын талаптарым, жол жөнекей жұртқа да мінсіз болуды талап ететін жағымсыз жанама әдет жұқтырды. Қиял мені қалай түрлі әрекеттерді бастауға итермелесе, тап сол қиял мені әрекеттен бас тартуға да душар қылатын. Себебі, менің қиялым, жолым басталмай жатып, оның аяғын көзіме елестететін. Елестеткенде де теке жақсы жақтарын ғана емес, теріс жақтарын да 5Д форматта елестете алатынмын. Мәселен, актер болғым келеді — деп көзіме түрлі премияларды алып жатқанымды, жұрттың назарын, журиктердің сухбат сұрауларын елестетіп, кинода оқ тиген адамды мықты ойнап тұрғаныма риза болып жатқанымды елестетіп «актерлік шеберлік» курсына жазылып, Станиславскийдің әдістерін оқып, монолог жаттап бастаймын. Сосын, бірнеше күннен соң, журиктер менің балабақшада тышып қойғанымды жарияласа, менің алғаш жыныстық тәжірибем әйелмен емес, өзіммен болғанын ерекше әсірелеп жазса ше? Біреудің аңдуынсыз тасыңды қаси алмасаң, әншейінде танымай жүрген туыстарың құтыңды алып, «баламды жұмысқа тұрғыз» деп қанды ішсе, бір қыздар подстава жасап, «мені зорлады» деп жатса ше… Әкесінің аузын, Станиславскийдің… Және бір жаман қасиетім — істі бастап алып, соның жолында біраз жол жүріп өткен соң, маңдай тер, табан ақың сіңген еңбектің бәрін құрдымға жіберіп, өртеп жіберу, сындырып тастау, лақтырып жіберу. Тегін таратып бере салу. Барлығы жақсы болу керек, немесе ол мүлде құруы керек. Бастауыш класта оқыған бір қысқа ғана мысал әңгіме бар еді. Сол есімнен кетпейді. «Баяғыда бір кісі болыпты, оның екі жобасы болыпты, бірі басталмаған, бірі аяқталмаған. Соны бір күні сатуға шығарыпты. Арада біраз жыл өтсе де, әлі сол қалпы екі жобасы бар екен, Біреуі басталмаған, біреуі аяқталмаған». Шамамен менің жағдайым осындай еді. Қазір де сол. Құр әңгіме, ауызды қу шөппен сүртіп қою. Өзімнен басқа жауым жоқ. Отырып алып, жындыларша өзіммен айтысамын. — Менің ойымдағы кітапты бастау үшін қажеттінің бәрі бар. Тақырыбым бар, қабілетім бар, баспа бар, алғашқы уақытқа жетерлік ақша бар… — Қоя ғой, мания величия ғой сенікі, алдымен грамматикаң мен пунктуацияңды ретке келтіріп алшы. — Оны редакторларға келтіруге болады ғой. — Кімге керек сенің шытпағың? Пойыз аралап жүріп жиырма теңгеге жалынып тұрып сатпасаң… Онда да ала қоя ма? — Неге алмасқа? Мен ешкімге жарнамаламағанның өзінде, білетін адамдар тағатсыздана күтіп жүр. Алатын адам табылады. Кейін ақша қосып, жарнамамен де көмектесетін адам табылар. Сен алдымен бірдеңені басташы. — Қойшы, бастағанмен аяқсыз қалады. Осылай бос сөз, құр өзіңнің ішіңдегі оптимист пен пессимистің күресімен өтіп жатқан өмірдің мимырт тірліктері. Қарап отырсам, мен жалғыз емес екем. Мен сияқты былшылбайлар көп екен. Мен сияқтыларға анау-мынау мотив жарамайды. «Төбелес клубы» киносындағыдай, Тайлер Дерден келіп, мені жатқан жерімнен шығарып алып, маңдайыма тапаншасын тақап, аты жөнім мен тұратын жерімді жазып алып, — Алты ай ішінде арманыңның біреуіне де жетпесең, тауып алып атып тастаймын! -десе екен. Я бүк болатын, я шік болатын. Алты айда титімдей алға жылжымасам, біреуге пайдам тимесе, адамзаттың гендік қорынан біржола еш қысылмастан құритын едім. (Жалғасы бар… Болмауы да мүмкін)
Авторы:
Gastarbaiter

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту