Danke, Wien!
Өткен аптаның бел ортасында қарт Еуропаның орталығында орналасқан Вена қаласында болып қайттым. ЕҚЫҰ деп аталатын ұйымның екі күндік жиналысына. Бара салған бетте бауырлас блогшыларға арнап құлаш-құлаш жазба жазамын деп едім, қайдан, күні бойғы жиналыс пен кештік қыдырыстан уақыт артылмады. Оның үстіне төрт сағат артта жүретіні бар австриялықтардың, циферблат бойынша кешкі он болғанымен, денең үшін түнгі екі, қылжия бастайсың…
(“Е де…” Әңгіме тыңдап отырған Әбіләкім ауыр күрсінді).
Мәскеудің Шереметьевосында бір қалғып, бір мүлгіп, рейс аралық жеті сағатты өткіздік-ау… Венаға ұшқан ұшағымыз шынымен “ұшады” екен, қалт-құлт етіп зәрені алды.
Австрияның астанасына да жеттік. Қонақүйге “қатып” киініп алған, шашын жып-жылмағай етіп тарап, артқа қарата өсіріп жіберген, Armani-дан қара көзілдірік таққан түрік жігіт әкеліп тастады. Қуықтай-қуықтай тар, қисық-қыңыр, бірде асфальт, бірде тас көшелерді айналып жүріп әрең жеттік.
Алғашқы күні ары-бері шығуға шама болған жоқ, содан жата кеттік.
Бейсенбінің біраз уақытын базар аралаумен өткіздік. Базар болғанда туристері жыпырлаған емес, кәдімгі қаланың қарапайым базары.
Көкөніс, жемісінің бағасы бізден екі-үш есе артық екен. Бірақ, сұр-сипаты жаман көрінбеді.
Жалпы, Австрияның ұнағаны – жеген тамағыңның, ішкен суыңның табиғи дәмінің барлығы. Кәдімгі Сникерсті жеп көрдім (айтпақшы, бүгінгі Дүниежүзілік шоколад күні құтты болсын), біздегі сияқты аузың аздап сабын татып кетпейді, өте дәмді, нағыз тауар екені білінеді.
Базардан шығып, он екінші ғасырда алғашқы кірпіші қаланды деген әулие Стефанның шіркеуіне кірдік.
Түсте ЕҚЫҰ-ның кеңсесі орналасқан Хофбург сарайына бардық.
Көне құжаттар бойынша он үшінші ғасырдан бері австриялық билеушілерге баспана болып келген Хофбург кейін атақты Габсбургтар әулетінің қысқы тұрғын үйіне айналған екен. Қазір 2 600 бөлмесі бар сарайда Австрия президенті мен түрлі ұйымдар орналасқан.
Мына суреттің сол жағындағы балконда 1938 жылы 15 наурызда Гитлер өзінің атақты аншлюсын айтқан екен.
Енді жалпы сөзбен басыңызды ауыртпай, суреттер көрсетейін. Сұрақтарыңыз болса, айтарсыз.
Белгісіз батыр. Кім екенін меңгереалмадым.
Жерді көтеріп тұрған көк өгіз есіме түсіп кетті.
Хофбургтың қабырғаларындағы ескерткіштерден үзінді.
Сөз жоқ.
Вена Опера театры.
Мына көшені өзімізше Арбат деп атап алдық. Дүниежүзілік брендтардың көпшілігін көрдім осы жерден.
Шабыттанып бастаған жазбам, осылай бітті енді…
