Бомждар да біреуді аяйды
Мейіржанның айтуынша, төмендегі постты мына музыканы қосып қойып оқу керек
Осыдан бірер жыл бұрын, Ақтауға қатынап, вахтамен жүрген кез. Қақаған қыстың ортасы.
Қызылорда-Маңғыстау билет болмай қап, екі пойызға алғам. Біріншісі Қандыағашқа дейін, екіншісі Қандығаштан Маңғыстауға дейін.
Өзімді тап сол сәтте бұрыңғы қызым лақтырып кетіп, сіркем су көтермей лох сезініп тұр едім,
Асығыстан билеттің сағатына да дұрыс қарамаппын ау. Қандыағаштың вокзалынан түскен соң, Маңғыстауға баратын пойыздың бір сағат бұрын кетіп қалғанын білдім…
Бойымдағы сабырдың қалдықтарын жиып, Ақтөбедегі ағама телефон соқтым, ол қазір мәшинемен шықса, таң ата жететіндігін айтты… «Ал таңертең тамағыңды асықпай ішіп ап, Ақтөбе-Маңғыстауға міне қоясың» деді. Сөйтіп Қандыағашта вокзалда түнедім. Қандыағаштың вокзал жағының жаманаты белгілі ғой енді. Бір бәлекет болады-ау деп күттім.
Әйтсе де, орындыққа сөмкемді қойып, өзімнің сорлы жағдайыма мойынсынғандықтан және қыларға шара қалмағандықтан, сол жерге отырып, сағатқа қарай бердім. Таң атып болмады.
Көзім талып, ақыры сөмкеме жантайып қалғып бара жатсам, бір дәруіш келіп иығыма қолын қойды.
Шошып түрегелдім.
— «Негерек, нақ, меліш жоқ білә!» — деп кейіп жатсам, көзіндегі мейірімнің жылуы мен асқазанындағы портвейннің иісі қатар ескен үйсіз жігіт «Братишка, ана терезенің алдына барып жатшиш, сол жер жылы ғой» -дейді.
«Рахмет, брат...» — дедім сыртымнан, «Мына түрім бомждың жанашырлық сезімін оятса, жетіскен екем»— дедім ішімнен. ...«Енді қалғаны терезенің алдында жату» деп намыстанып, бүріскен күйі отыра беріппін. Бірақ үскірік аяз бойдан өтіп, амал қалдырсын ба? Ағамның мәшинесі жеткен кезде, мен терезенің алдында ұйқтап жатыр екенмін. Астыма жайып тастаған киімдерімді сөмкеме қайта тығып жатып, әлгі құдай жіберген жігітке риза болдым — терезенің алды шынымен де жылы екен ғой…
