Жамағаттардың да жақсы жақтары бар
Дін туралы БАҚ өкілдерінің бүгінгі жазғандары тым біражақты пікір деп айтуға болады. Себебі қай газетті, журналды, қай арнаны ашып қарасаң да ислам діні жамағаттарын жамандаған мақала мен түсірілімге куә боласың. Бірақ, сол жамағаттардың елімізге тигізген аз да болса пайдасына көз жұма қарағанымыз әділдік пе? Түріктердің жақсы бір мақала бар. «Жақсылар жақсылықты, жамандар тек жамандықты көреді» дейді түбі бір халық. Біз де жақсылар қатарынан табылуға тырысып көрелік.
Сәләфилер. Елдің атын естісе шошитын ең бірінші ағымы осы сәләфи-уахабилер. Ислам дінінде ең ауыр күнә Аллаға серік қосу. Құранда “Шынында да, Алла Оған серік қосқанды кешірмейді, ал одан өзгесін қалағанына кешіреді” (Ниса сүресі, 48-аят). Сақалы өсіруді сүннет, тек құран мен хадиспен жүреміз дейтін бұл жамағаттың біздің елге тигізген ең бірінші пайдасы «Отырарда отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда түмен баб, Ең үлкені Арыстан баб» деп Яссауиді, Бекет атаны, Арыстан Бабты табынатын орынға айналдырып алған «Ақ жол», «Ата жолы» сынды топтарға қарсы жақсы күрес жүргізді. «Ақ жол» деген атты желеу еткен топтар халықты көпе-көрнеу алдап, әлеуметтік жағынан зиян тигізді. Қазақ қоғамына әруаққа сиынудың дұрыс емес екендігін алғаш көтерген де солар емес пе? Рас, кей кезде олар шектен шығып жатты. Дегемен, сәләфилер жасаған ізгі амалдарын біле тұра неліктен біз оларды жамандауға тиіспіз?
Дағуатшылар. Ел ішінде ең назарға көп ілінетін топтардың бірі таблиғ жамағаты. Үш күндік, бес күндік, қырық күндік сапарға шығып, ел ішін аралап халықты ислам дініне шақыру мақсатында біраз тер төкті. Солардың шақыруымен өмірі мешіт есігін ашып көрмеген жанның намаз бастап кеткенін көз көрді. Бұл топ өткен ғасырдың 1820 жылдары Үндістанда Мұхаммед Иляс ибн Маулади Имағил (1303-1364 һ.ж.) есімді кісінің бастауымен ұйымдастырылған. Ол Үндістанның Кандағлақ елді мекенінде дүниеге келген. Осы елдегі Әбу Ханифа мазһабы бойынша ең ірі білім ордасы саналған «Диапант» мектебін тәмамдаған. Дағуатшылардың негізгі мақсаты ислам құндылықтарын уағыздау, халықты исламға шақыру, мұсылмандарға ислам үкімдеріне толық амал ету қажет екендігін түсіндіру және олардың Алла тағаланың алдындағы жауапкершілігін арттыру. Талай адамның мешітке келуіне ықпал еткен жамағатқа қалай қара күй жаға аламыз?
Нұршылар. Түрік ғұламасы Саид Нұрсидің артынан еретін жамағат «Нұршылар» деп аталады. Елімізде бұлардың белсенділігі қатты байқала қоймаса да, саны біршама. Бұлардың кеңге қанат жаюына себеп елімізде көптеп ашылған қазақ-түрік лицейлері деп айта аламыз. Нұршылардың басшыларының бірі Фетхуллаһ Гүленнің кітаптарын кез-келген кітап дүкендерінен таба аласыз. Нұршыларды жамағат деп қарағанмен олардың жібектей мінезімен өзіміздікін салыстыра аламыз ба? Шет елдерге олимпиадаларға барып қоржынымызды толтырып жүргендер де осы Нұршылардың лицейінде оқығандар емес пе? Батысқа мұсылманның ғылымнан кенде емес екендігін де дәлелдеген осылар болатын. Соның әсері болар әлемнің көптеген елдерінде Нұршылар өздерінің мектептерін беймарал ашуда. Осындай еңбектері бар жамағатты біз неге бөле жаруымыз керек?
