Ескі архив · 05.10.2011 19:47

Шетелде блог арқылы ақша тауып жүргендер көп

Қазақтың оқу-білімге құштар жастары екі мыңын­шы жылдар тұсында шет­елге қарай ағылып, білім алуды бастады. Сол кезде Түр­кияның атақты Анадолы университетін туризм және қонақүй менеджменті ма­ман­дығы бойынша оқып жүрген Аршат Мұратұлы ақ­па­раттық технологияға деген құштарлығы мен бейі­мі арқылы сайт ашуға ден қоя бастаған-ды. Әуелі фут­болға, әлемдік үздік әнші Шакираға арнап жеке сайт­тар ашқан Аршаттың қазақ жастары арасында резонанс тудырғаны – 2002 жылы ашылған КерекИнфо сайты болатын. Сол арқылы қазақ топырағы мен шетелдегі қазақ­тарды таныстырып, олар­ды ортақ ұлттық мүд­деге қызмет етуді үндеген жас 2004 жылы еліне оралып, қазақтың ақсап жатқан сайт және блог жасау ісін қолға алды. Қаншама сайттың авторы, бүгінде «Егемен Қазақстан» газеті сайт әкімшісі Аршат ОРАЗОВПЕН сырласудың сәті түскен еді. – Қазақ интернет сайттарын ашуда­ғы мақсатыңыз не? Сол мақсатқа қан­шалықты жеттіңіз? – Сайт жасау негізгі мамандығыма қа­тысы жоқ. Өзімді тәжірибелі қолдану­шы­мын деп есептеймін. Яғни интернеттің бер­ген мүмкіндіктерін қолданып, сайт­тар құ­растыра аламын. Студент кезімде қазақ­ша сайттар жоқ еді. «Қазақша сайт жасап көруге бола ма екен?» деген әуесқой оймен зерттеп, іздестіріп көр­дім. Кейін осы іске қызыға бастадым, нәти­же­сінде біраз жақсы сайттар жасадым. Мақ­сатым – сайт­тарды қазақ тілінде де жа­сауға болатынын дәлелдеу болатын, ол мақ­сатыма жеттім. Осы мақсатымды әлі де нығайтқым келе­ді. Өйткені «қазақтар интернет тілін түсін­бейді, істей алмайды» деген түсінік, қа­зақша жобаларға сенімсіздік, қазақтілді жасаушыларға сенімсіз­дік бар. Нәтижесі қазақша ойлайтын адам­дардың жасаған «қазақша» сайттарын да көріп жүрміз. Әсіресе, мемлекеттік сайттарда. – Интернет пайдаланушы ұрпақ қан­дай мәдениетпен сусындап отыр? – Интернеттің де өз модасы, этикасы болады. Біз әлі өз интернет мәдениетімізді қалыптастыратындай дәрежеге жеткен жоқпыз. Батыс және Ресейдегі үрдістерге ерудеміз. Интернеттің басты функциялары – ақпарат және байланыс. Әр нәрсенің жақсы-жаман қыры болатыны сынды, интернетті де дұрыс және бұрыс мақсаттарға пайдаланушылар көп. Қазіргі ұрпақ белгілі бір мәдениетті игеріп жатыр деп айта алмаймын. Әркім өз деңгейінде, дәрежесінде пайдалануда. – Қазақ блогсферасына қосқан үле­сіңізді ақпараттық ресурстарды игерген адамдар біледі. Осы уақытқа дейін аш­қан сайт, блогтарыңыз жайлы айт­саңыз. – Біраз достарымның блогтарын жасап бердім, техникалық қолдау көрсеттім. Ал сайттарға келетін болсақ, көбіне ақпарат­тық сайттар жасадым: БАҚ өкілдері сайттары мен ақпараттық порталдар. Соңғы жо­баларымның бірі – КерекИнфо еркін блог жүйесі. Кез келген қолданушы осы платформаға тіркеліп, өз мақалаларымен, пікірлерімен еркін бөлісе алады. Мақсат – қазақтілді контентті көбейту. – Жеке блог ашудан адам не ұта­ды? – Блоггерлікті азаматтық журналистика деп те жатамыз. Бұл – дұрыс. Өйткені блоггер де – ақпарат беруші. Және бұл – еркін ақпарат. Өзіңнен басқа ешқандай редактор тексермейді. Өзің қожайынсың, тақы­рып­ты да ешкім саған бұйырмайды. Өзің қалаған тақырыпты өзің қалаған формада жеткізесің. Ақпаратты тез жеткізу мүм­кін­дігің болады. Шетелде блог арқылы ақша тауып жүргендер көп. Өйткені оқырман саны көп болғандықтан, блогтарына жарнама берушілердің қызығушылық танытулары заңды. – Интернетте бейәдеп дүниелер белең алуда. Интернет этикасын қалай қалыптастыруға болады? – Бізде, өкінішке қарай, интернет этикасы қалыптаспай, керісінше ұрлық-қарлық, ұрыс-керіс мәдениеті дамып жатыр. Яғни авторлық құқықты сақтамай, біреудікін «менікі» деп жариялау, пікірталастарда басқаның пікірін сыйламау, дөрекі жауап беру, ұрысқа айналдыру өршіп тұр. Ал блоггерлік мәдениет жақсы дамуда. Бұған биыл алғаш рет өткен блоггерлер құрылтайы да дәлел. – Интернет арқылы ұрпақты тәр­бие­лей аламыз ба? – Интернетке тәрбие құралы ретінде қарауға болмайды. ТВ не, интернет не, бәрібір. Адамды өзі және ата-анасы тәр­бие­лейді. Интернет – тек көмекші құрал. Бірақ дәл қазір балаларға, жасөспірімдерге арналған тәрбиелік мәні бар сайттар көріп тұрған жоқпын. Керісінше кері әсер беретін мазмұндар көбейіп бара жатыр. Мысалы, қазаққа жат діни ағымдар. Ата-аналар балаларына интернеттен тек қажетті ресурстарына рұқсат беріп, өз бақылауында ұстағандары жөн. – Агент деген «алып күш» пайда болды. Жастарды бос сөз, құр уақыт өткізуге итермелейтін агенттен қандай жапа шегіп жатырмыз? – Агенттің ең үлкен зияны – қазақы интернет әліппесін бүлдіруі. Яғни «қазақша әріптер оқылмайды» деп қазақша әріптерді орысша әріптермен жазып кеткен жастар тек агент емес, интернеттегі сайттарда да солай жазуда. Соның кесірінен қате жазыл­ған мәтіндерді көп кездестіреміз. Мысалы, жастар микроблоггинг не үшін керек еке­нін түсінбейді. Бүкіл энергияларын, уақыт­тарын бос сөзбен босқа құртуда. Мұның себебі – халықтың интернеттің не екенін әлі түсінбеуінде. Халықтың бұл тақырыпта сауаты жоқ. Бұған БАҚ-ты да кінәлауға болады. Маған интернет туралы жеке айдары бар бір газетті атаңызшы, компьютер тақырыбында сабақ беретін бір ТВ бағдар­ламасын көрсетіңізші, ақпараттық технологиялар тақырыбында шығатын бір журнал бар ма? Сондықтан ақпараттық технология бағытындағы жұмысымызды алға қойып, қолға алмайынша, ел дамуының талай тетігінен қанша жыл қалыс қала беретініміз аян. – Рақмет, қазақ интернетін да­мы­туға атсалыса беріңіз! Автор: Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ alashainasy.kz/culture/27939/
Авторы:
konvict

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту