Гастарбайтердің сахнадағы алғашқы "обломдары"
Әнші горлопан
Мектептің жыныстық емес акт залында өлең айту, тақпақ оқу, скетчтердің бәрінен бұрын, 6-жасымда Шатуновтың «А я хочу, а я хочу опять» деген өлеңін Мәдениет сарайында айтқанмын. Ол кезде "Әнші Балапан" деген сайысқа кастинг жүріп жатқан.
Өткен жоқпын.
Қайғы тұтқын.
Одан кейін, мектепте көтерілісші Емельян Пугачевтың қаһарына ұшыраған жауынгер рөлінде болдым.
Қол-аяғы байланған мен, тұтқынға түсен қайғы-жауынгер кейіпінде «Ты мне не государь, ты вор и самозванец!» -деп қолбасшыға қарсы шығып, бетіне түкіремін. Мені жендет әкетіп, дарға асады. Бітті. Рахат. Ұзақ монолог жаттап қажеті жоқ.
Алайда класс жетекшім шынайы көрінсін деп он секунд шынымен асылып қалуымды сұрады. Біраз талқыдан кейін, «дардан қорқам» деген соң, менің аяғымды көрсетпейтіндей пердемен көлегейлеп, өзім кішкентай үстелге мініп тұратын болдым.
Бір-екі ауыз сөз айтып, қалған уақытты адам мәйітінің рөлінде болу перспективасы маған ұнады. Бірақ, ара-тұра көрермендер арасынан «Қозғалып қойд, уаххаха», «кірпік қақты, хихихи» деген коменттер естіліп жатқан соң, беті-аузымды тыржитып, аяқ астынан жыбырлап қап, билеген сымақ боп, ыржалаңдап балалардың маған деген назарын, одан әрі қолпаштай бастадым.
«Бәрін бүлдірдің Базарбаев! Жыбырлап, ең болмаса өліктің рөлін сомдай алмадың.Тым болмаса 5-10 минут шынымен асып қойғанда мықты көрінер еді, сонша қорқып сен де» -деп класс жетекшім ренішін білдірді. «Аяқ жағыңды пердемен көрсетпей жауып қойсақ та орындыққа мінгізіп қойғанымызды бәрі білді, асып қойып бес минут тұрсаң, сосын жендеттер шешіп алса, шынайырақ көрінер еді.» -деп налыды ақкөңіл апайым.
Медициналық тұрғыда адам 1-2 минут ішінде бұндай эксперименттен жан-тәсілім болу қауіпім бар екенін, ал алғашқы бірнеше секундтан кейін-ақ актерлік талантымен жарқылдамақ түге, саналы ойлау, көру, есту қабілетім жоғалып, жан сақтауға тырысып тырбаңдайтынымды, аузымнан сілекей ағып, көгеріп, көзім арнасынан шығып, тіпті бұтқа жіберіп қоюымның мүмкіндігі зор екенін ардақты ұстаз білмеген болса керек.
Одан аман қалғанымның өзінде, мойнымдағы арқанның ізін әке-шешеме қалай түсіндер еді? Елестетіп көріңдерші.
Қайрат Рысқұлбековтің әруағын ұялту.
Одан кейінгі есімде қалғаны— университетте түрмедегі Қайрат Рысқұлбековті сомдадым. Үстім қан-қан, көйлегім жыртық. Таяқты өлесі жеп алып, күңіреніп отырып, хат жазамын. Сосын жендеттер қолтықтап алып бара жатқанда, үмітсіз жағдайымды мойындап "Қайратом зовусь я по имени, Я плод Казахского семени, Как в жертву приносят овечку для бога, обязан мужчина быть жертвой народу, Расстрелом хотите меня устрашить? Стреляйте ж! Нет страха во мне, только злоба" -деуім керек еді.
Бәрі керемет. Қойылым жақсы. Айтатын текстім де маған. Әттең менттерді еркектер ойнағанда, бір екеуін баспен ұрып, жұлқынып, тым болмаса боевикке айналдыруға болар еді.
Көзінен күлкісі кетпеген қыздар қол-аяғымды кісендеп, нәзік қолдарымен мені сипалап, абақтыдан сүйреп шығаруға күші жетпей, қылымсыған соң, тіпті оларға бұлқынып, жұлқынып қарсыласудың өзі күлкілі болды. Ақыры көрерменге көрсеткеніміз драма емес, Шапито циркінің сәтсіз бағдарламсына претензиясы бар сексуалдық БДСМ ойындарына пародия болды. Одан басқа да сәтсіздіктер көп болды. Бірақ оны жазсам, өмірбаян болып кетеді.
