Басыңа түссе білерсің
Баяғыда Наполеон жауларынан қашып, бір дүкеншіге келіп:
— Ойбай, мені дүкеніңе жасыр, өлтіргелі жатыр- депті.
Дүкенші оны дүкеніне жасыра қойыпты. Біраз уақыттан кейін төніп келген жауға дүкенші:
— Наполеон былай қарап қашып кетті- деп жаудың бетін басқа жаққа бұрып жібереді.
— Құрметті Наполеон шыға беріңіз, сіз енді қауіпсізсіз, жауларыңыз кетіп қалды- деп дүкенші Наполеонды жасырынған жерінен шығарады. Осы мезетте Наполеонның өз әскері де келіп қалады.
Дүкенші Наполеоннан:
— Напеке, жаңа жаулар кіріп келгенде, өміріңіз қыл үстінде тұрғанда қандай сезімде болдыңыз?- деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Наполеонның көзі аларып, ашуға мініп әскеріне:
— Ұстаңдар мынаны, көзін байлаңдар, атуға шығарыңдар! Сен соншама кім едің менен ондай сұрақ сұрайтын?!
Әскер дүкеншінің көзін байлап, атуға шығарып, «Атыңдар!» деген бұйрықты күтіп тұрады.
Бейшара дүкеншінің аяқ-қолы дірілдеп, қалтырап тұрғанда, Наполеон жақындап келіп көзіндегі шүберекті шешіп:
— Міне, осындай сезімде болдым- депті.
