На то пошло, Мағауин маған ешкім емес!!!
«Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады...». Бірақ біздікі көргеннен кейінгі, естігеннен кейінгі туған ой.
… Қазанның отыз бірі дүйсенбі күні Жазушылар Одағына бардым. Ондағы мақсатым «Қазақ әдебиеті» газетінен өндірістік тәжрибеден өту еді. Бұл ғимараттың тұтқасына кімдердің асыл қолы тимеген дейсіз?! Небір қазақтың марғасқалары табалдырығынан аттаған жер… Имене, жүрексіне кірдім.
«Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Жұмабай Шаштайұлы жылы шыраймен қарсы алды. Сонымен «жазған мақалам мынау еді» — деп, екі-үш жазбамды алдына тастадым. Бақсам, бар жоғы үш мақаланың үшеуінде де жазушы Мұхтар Мағауин атаның ныспысы aрагідік аталып, ауызға алынған екен. Қарап шыққан Жұмабай Шаштайұлы кенет дүрсе қоя берді. Бейнесі көз алдымда, әжептарқы шыққан дауысы әлі құлағымда:
«Мағауин деген кім ол?! Оны біздің ұлықтай бергенімізден түк те шықпайды, түк те… Бар болғаны сол шетелге кетіп қалған… Мен шынымды айтайын, шынымды… На то пошло, бар ғой, Мағауин маған ешкім емес!!! Оның орнына біз Қасым Аманжоловты көтеруіміз керек, бізге сол пайдалы...». Бір уақытта сөзінің аяғын сұйылтып барып: «Ия, рас екеуі де қазақтың мықты азаматтары сөз жоқ, оны мойындаймын» деп қояды тағы да.
Диктофонға жазып алғаным жоқ. Жазып алу керек те емес, тек сөзінің долбары осыған саяды. Ішім әлем-тапырық болып жатыр. Құлағымда «На то пошло, бар ғой, Мағауин маған ешкім емес!!!» деген сөз жаңғырығады…
Мұхтар Мағауин ата айтады: «Қазақтың жауы — менің жауым» — деп. Ендеше, осыған дейінгі ғұмырында ұлтының мүддесінен бөтен мұраты болмаған Мұхтар Мағауинге Жұмабай Шаштайұлының қабағы қырыс болса, қазақ халқына деген ниетінің дұрыс екеніне күмәнім бар?! Қызық екен деймін. Қызық емес, қорқынышты сияқты.
Жасқанып кіріп, жабырқап, жиіркене шықтым Жазушылар Одағынан. Ішімнен ойладым «Қазақ әдебиеті өлген» екен деп. Жаназасы Жазушылар Одағында шығарылып жатқан шығар, бәлкім… Мен қайдан білейін…
Ая Өміртайқызы, журналистика факультетінің студенті.
