Ескі архив · 15.11.2011 19:25

Обал-сауап

Студенттік өмірге екі қарызым бар. Бірі: бірінші курста әлем әдебиетінен «Дон Кихотты» оқымай кеткенім, екіншісі: Әкім ағай Тарази талап еткендей, «Ер Тарғынды» жаттамай кеткенім. Мойын жуан, көтере береді. )) Қазір мына жерде жақсы жазба жазуды Gastarbaiter үйретіп жүр ғой, кезінде бізге ол өнерден дәрісті Әкім Тарази оқитын. Бірақ, әлде он адамның ішінде жазушылықты мақсат еткен біреуі де болмағандықтан ба, әлде басқа бір себептермен бе, ол дәрістерден қолға ұстап көретін нәтиже шықпады. Әрине, көкейге түйгенің мен көңілде сақтағаның есепке кірмейді ғой. Әкім ағайдың дәрістері жазушының лабораториясы, шеберлік, тіл өрнегі төңірегінде өрбитін. Арасында бізге тапсырма береді. Фабула береді, негізінен кульминацияға дейінгі композициялық құрылымын нобайлап береді. «Жазыңдар» дейді. Жазған боламыз шимайлып. Сондай тапсырмалардың бірі мынадай еді. Ашаршылық кезі. Бір әйел, әбден ашыққан кезде, екі баласын қамап тастап, өзі азық іздеп жолға шығады. Қайда бара жатқандығының варианты көп, не десең өзің білесің. Бірақ, барар жеріне жете алмай, орта жолда әлі бітіп құриды. Жатқан жері жазық дала, су да жоқ. Күн шыжып тұр, көктемнің жазға ауысар кезі болса керек. Ақыры әйел есінен танып қалады. Бір уақта, бетін әлдебір нәрсенің жыбырлатқанынан оянады. Қараса, еліктің құралайы. Кішкентай ғана, жаңа аяқтанған. Әйел басында қуанып кетеді. Көз алдына үйде қалған қос құлыны келеді, мына лақты жығып алса, сәл де болса талғажау ғой, жоқ, сәл де болса емес, кәдімгідей мол азық қой деп ойлайды. Бірақ келесі сәтте құралайдың обалы мен сауабы деген бар екені есіне түседі. Құралайды өлтірсе, үйде қалған балаларына кеселі тиіп, қарғысы тиіп, құлындарынан айрылып қала ма деп қорқады. Осылай ана он ойланып, сан толғанады, күңіреніп жылайды. Кульминация осы. енді шешімін жазуды ағай бізге қалдырған. Өндіріп жаза алмадық. Мен біраз шимайлып көрдім… Бұл жерде хэппи энд шығара алмайтын едік, бәрібір. Сондықтан, сол заманның естіген, оқыған шындығын еске алып, соны айналдырмақ болдым. сонымен, менің жазған екі нұсқамның бірінде, әйел құралайды жығып салып, етін арқалап әкеліп, үйіне келсе, балалары жоқ. Балалары жақын бір жерде жүрген шығар деп ойлап, оларды тауып әкелгенше қазаным қайнай берсін деп, етті салайын десе, қазаны да жоқ. Өйткені, бір аулақта осы үйдің қазанында осы үйдің екі баласы пісіп жатқан. Екінші нұсқа, обалдан қорыққан әйел құралайға тимейді. Тимейді де, орта жолдан мүлде тұрмастай болып құлайды. Сол уақытта, шешесі бастырып кеткен есіктің ар жағында, екі баланың да демі үзіліп сылқ ете түседі. Жауызбын ба? Ал сендер осы сюжеттің шешімін қалай құрар едіңіздер?
Авторы:
dark_nazgul

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту