Омар Хайям. Рубаилар (Аударған түрім, енді)
Шығыс ақындарынан Омар Хайямды өзгеше құрметтеймін. Орысшаға аударылғандары көп. Бірақ, өзім орысша дұрыс түсінбегеннен соң, өлеңді жетік түсіну де қиынға соғады. Өз ойымда орыстардың тілі Омарды толық түсіндіруге жетпейтін сияқты көрінеді (өз ойым). Шығыстық үлгіде болған соң көбінесе, өзбек және шағатай тіліндегі аудармаларын оқимын. Аэропортта отырып, не істерімді білмей, Омардың мына өлең жолдарын шамам келгенше аударып шықтым. Бірақ, өзімнің көңілім кішкене толып отырған жоқ. Әлі де нағыз ойды шығара алмаған сияқтымын. Не болса да, оқып көріңіздер!
Ей, көңілім, сыйлық күтпе бұл заманнан қараңғы,
Уақыт озар барлығынан шаң қаптырып адамды.
Дертің әр сәт күшейеді, ауырады тынымсыз,
Күткенменен мына уақыт емдемейді жараңды.
Разылығың қайда, құдай, өзіңе шын сенгенмін?!
Көңіл неге қап-қараңды, нұрыңды іздеп келгенмін?
Жұмағыңа жеткіз мені, жалғыз сенде көңілім,
Жаратылған топырақтан ақысын бер пендеңнің!
Алла бәрін білді емес пе? Көңілде бұл сұрағым…
Білді бәрін: қайда жүріп, қайда барған тұрағын.
Ақыретте айтшы мені жазалайды не үшін?
Қалауынан асатындай жасамадым күнәні.
Өтіп жатыр өмір қиын, дертімнің жоқ емі де,
Рахат – қысқа, қиындықтың болмай жатыр шегі де.
Бірақ-тағы шүкір етем, Жаратқанға молынан
Тастамаған апатпенен зұлымдықтың кеніне.
Бас тартпағын, ей көңілім, көтер мына шараптан!
Бұл да менің несібем ғой сыйлап берген Жаратқан.
Жүзіңдейін жалт-жұлт еткен шарапты құй кесеге,
Тәубе еткен көңіліммен толсын тағы парақтар!
Кеше тағы шарап іздеп шықтым барып алмаққа,
Бір гүл солып жатты жерде мен жүретін жол жақта.
Дедім оған: — Не жаздың сен? Қалай түстің бұл күйге?
Жауап қатты: — Бір сәт қана жайнап едім гүл бақта…
Опшым, жолым болсын
