Жаңаөзен оқиғалары мен ол туралы пікірталастар туралы
Өзім аттас ілімнің жаман тұсы сол: кез келген, кім көрінген, көлденең көк атты, вертикал есек мінген, не керек — айналыспайтын адам жоқ. Тіпті кейде, осы саясатпен мал екеш мал да айналысатын шығар деп ойлаймын: бейшараларда тек тіл жоқ сияқты.
Дәл сол уақытта — саясат логикалық баспалдақ салып алып сөйлейтін ілім. Саясатта «Ақшасы көптер қанап жатыр!», «Шетелдегілер көре алмай отыр!» деген, асбөлмеуи-қатын өсек іске аспайды.
Бұған қоса, адамның бір осал тұсы бар. Ол — қорытынды шығаруға қажеттілік. Неге екені белгісіз, адам кез келген оқиғаның қортыныдысын шығаруға асығады. Осы кезде ондай ақымақтарға сапасыз бірақ қызықты ақпарат ұсына қояды. Әрі қарай белгілі: бір күні өзінше саяси білгір азамат — тіпті алдын ала қате, соқыр сенімін қорғап, көшеге шығады, ұрандатып, үй өртейді.
Жаңаөзен оқиғасы да сондай. Осы жердегі пікіршілерде қорытынды шығаруға дәл ақпарат жоқ. Бірақ — қорытындылары бар! Ренжімесеңіздер, иә — оқыған адамсыздар, кейбіреулерің — Таймспен таң атыратын кереметсіздер, бірақ шын мәніндегі шындыққа жету үшін емес, бірі бірінен бір әріп артық оқығандарыңды дәлелдеу үшін сөз сапырып жатырсыздар. Ал қандай да бір қорытынды шығаруға әлі ерте. Мысалы, осы оқиғаға байланысты ақпараттардың барлығын формализация жасап, топтастырсақ:
1. Жаңаөзендегі ереуіл — дұрыс.
2. Жаңаөзендегі ереуіл — бұрыс.
Енді бұл тұжырымдарды адамға тән келесі шарттылықтарды алып тастап қарау керек:
1. Бауырластық, туыстық, рулас-жерлестік сезімдерсіз;
2. Национал-патриоттық реңксіз;
3. Адамаяғыштық гуманистік көзқарассыз.
Сонда, қолымызда бар ақпараттың 95 пайызы ғайып болады. Айталық, қанау туралы теория, үкіметтің құйтырқы әрекеті туралы ой, барлығы — қоқысқа тасталады. Қолымызда қалатын ақпар мынау ғана болмақ:
«Жаңаөзенде бір оқиға болды». Ренжімесеңіздер, саясат сиқыр туралы ғылым емес, қанша жерден қорытынды шығаруға қажет болғанымен, әрі кеткенде осы тұжырыммен қаласыздар. Себебі: я тәуелсіз БАҚ жоқ, я көппартиялы парламент жоқ, барлық саяси топтар өте қатты поляризацияда, өңшең бір жағына шығып кеткендер. Оның үстіне, бұл оқиға маңында ақпараттық соғыс белгілері айқын көрініп тұр, ендеше жалаң факті тіпті қатпар-қатпар жеке көзқарастардың астында қалды.
Сонымен қорытынды: Жаңаөзенде бір оқиға болды. Болғаны осы. Саяси да, әлеуметтік те, тіпті психикалық себептерін де ешкім білмейді. Білетіндер бірі бірінің ақпаратын теріске шығарып, 0-ге тең қылуда. Бұл жерде оқырманда: «Сонда мен не, өле-өлгенше шындықты білмей кетем бе?» деген сауал туындауы мүмкін. Жауап: иә, солай, ақиретке бақырайған, таң қалған үстіне таң қалған көзбен аттанасыз. Тіпті Жаңаөзен тұрғыны аштан өлген баласының мүрдесін қолыңа ұстатып көрсетсе де. Жұмыс берушінің диктофонға жазып алған қоқан-лоқысын тыңдатса да. Кредиттік картасының соңғы жеті айға принтін шығарып әкеліп берсе де. Немесе ресми ТВ-ден кешегі ереуілші со күні мас болыппын, кешіріңдер халқым деп жыласа да.
Ештеңеге сенбеңіздер. Оларға да сенбеңіздер, бұларға да сенбеңіздер. Жұмыртқаны неғұрлым көп кәрзеңкеге үлестірсе, соғұрлым сау жеткізіледі дейді француз халық даналығы. Ең қатты, құлай сендім дегеннің өзінде 30 пайыз сеніңіздер. 70 пайызы күдік болсын. Күдік… Күдік… Жегідей жеген күдік…
