Ескі архив · 20.12.2011 23:14

Баста да талай қызық бар...

«Адамның басы — Алланың добы» десек, дүниеде ең ерекше жаратылған доп — осы болса керек-ті. Білгенге Алла бар сезім мүшелерін, адам денесін басқару «пультін», ағзаға қажетті «жанар-жағармайды» қабылдайтын қақпаны да осы бастың үлесіне беріп қойған. Бірі кемістік етсе, бүкіл дене ақсайды. Десе де, бастың қадіріне барып жүрміз бе? Көз, құлақ, мұрын, тіл, тіс — қай-қайсысының да қызметін молынан пайдаланғанымызбен, күтіміне келгенде, кержалқаулаумыз. Қадірін қойып, оның құпияларын да біле бермейміз-ау осы. Ендеше, бүгінгі әңгімені өзіміз өмір бойы өңгеріп жүретін басымыздың біз біле бермейтін қырлары жайында жалғайық... СІЗДЕ ҚАНША ҚҰЛАҚ БАР? Әлқисса, әңгімені құлақтан бас­талық. Бізді үйде де, мектепте де «қос құлағың бар» деп үйрет­кен, әлбетте көзге көрініп тұрған ақи­қат бұл. Самай тұсыңнан сал­быраған екі қалқан көрінсе, «қос құлағым бар» демей, не дерсіз? Ал егер тереңірек үңілсеңіз, әрбір құлағыңыздың өзі — үш құлақтан тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі. Бізге тек сыртқысы — сал­быраған қалқан ғана көрінеді. Ал ортаңғы мен ішкі құлақтың ба­рын дабыл жарғағыңыз ауырып, не құлағыңыз бітелгенде ғана се­зінесіз. Жә, ішкіні қойып, көз­ге көрініп тұратын құлақ қалқанын сөз етелік. Бажайлап қараған адамға бұл қалқан — ананың құр­сағында төмен қарап жатқан баланың бейнесіне ұқсайды. Сырғалығы — баланың басы да, жарғағы қол-аяғын бауырына алып жатқан бала секiлдi. Енді, мына қызықты қараңыз, адам денесінің ең негізгі сезімтал мү­шелері дәл осы баста орналаса­тыны сықылды, құлақтың да медициналық белсенді нүк­те­лерінің бәрі — баланың басына ұқсатқан сырғалықта орналасқан. Адам ағзасындағы ең ұсақ сүйек­тер де — осы құлақта. Ғалымдар­дың зерттеуінше, оң құлақтың сол құлақтан гөрі есту қабілеті жоғары келеді екен. Сондай-ақ ғалымдар адамдардың әңгімені оң құлағымен, музыканы сол құ­лағымен тыңдайтынын дәлел­деген. Бұған құлақтар қабыл­дай­тын дыбыстардың мидың әртүрлі бөлігінде талданатыны себеп. Мәселен, оң құлақтан жеткен ды­быстар мидың сол жақ жарты шарына келіп талданатын болса, керісінше, сол құлақтың қабыл­даған дыбыстары мидың оң жақ жар­ты шарына жол тартады екен. КӨЗІҢІЗ МҰЗДАҒАН КЕЗ БОЛДЫ МА? Қақаған қыста денеге тон, аяқ­қа байпақ, басқа — малақай, қолға — қолғап киіп, бетке — шарф орағанда да, әдетте қорған­сыз болып көрінетін көзімізге ешқандай киім кимейтініміздің сырын ойланып көрдіңіз бе? «Қай­тейін, көзімді жапсам, жо­лымды көрмей қалам ғой» дерсіз, ал негізінде адамның жанары — мүлде мұздамайды. Кірпігіңізге қырау ілінер, қабағыңызға мұз қатар — ал көзге бәрібір. Ол суық­ты сезбейді, оның бойында температураны сезетін рецептор атымен жоқ. Біздің аязды қыста да жанарымызды жабумен жа­сырмайтынымыздың сыры — осында жатыр. Десе де, суықты сезбеуіне қарамастан, көз — адам­­ның ең сезімтал мүшесі болып табылады. Адамның бүкіл денесіндегі сезім рецептор­лары­ның 70 пайызы — осы көздің қа­рашығында орналасқан. Айта кету керек, көзде температураны сезетін рецепторлардың бол­ма­уы, оның, яғни көздің тем­пе­ратурасы өзгермейді деген сөз емес. Ең қызығы көз темпера­тура­сының өзгеруіне — адамның өті­рік айтуы әсер етеді екен. Яғ­ни адам жалған сөйлеген кезде, жа­нарының ыстығы жоға­ры­лайды. Осыны аңғарған ғалымдар да «Өтірік детекторын» жасарда бұл құбылысты басты назарға ал­ған. Көзден бөлінетін сұйық­тықтың — жас екенін бәріміз бі­леміз, дүниеге бала жылап кел­генде, «жыламаса екен» деп аяй­тынымыз тағы бар. Ал расында, баланың 1,5 айға дейінгі жасы — «ерекше жас» аталады екен. Бұл жас сәбидің көзінің айналасын жұмсартып, оны түрлі инфекция­дан қорғайды. Демек, бала жылау арқылы да өмірмен күресіп жа­тыр деген сөз. Ал біз оны аяймыз… МҰРЫННЫҢ ЕҢБЕГІН ЕЛЕЙ ЖҮРІҢІЗ Адамның мұрны 10 мыңнан ас­там алуан түрлі иісті ажыратады. Ал оның қандай иіс екенін айыру — мидың үлесіндегі шаруа. Қы­зығы, әдетте тамақ жеп, «дәмді екен» деп жатқанымызда, бар қошеметті сол дәмді айырған тіл­ге беріп жататынымыз әділдік емес екен. Өйткені тілдің дәм сезу бүртіктері тек төрт түрлі нәр­сені — тәттіні, тұзды, қышқылды және ащыны ғана айыра алады. Ал бізді тамақтың «кәйібіне» тү­сіріп, оның сан алуан түрлі дәмін се­зіндіретін — сол баяғы мұрын екен. Өйткені мұрын тек сыртқы қос тесік арқылы ғана иіс сезіп қа­на қоймайды, сонымен бірге іш жақтан да — ауыз қуысының артқы жағынан келген иісті сезіп, сол арқылы тамақтың нағыз дә­мін сезінуімізге ықпал етеді. Әдет­те, тұмауратып қап, тамақ­тың дәмін сезінбейтінімізде «ті­лім дәм сезбей қалды» деуіміз де жалған боп шықты. Бұл жағдайда тіл емес, мұрын иіс сезбей қалады да, тамақтың дәмін түсіне алмай қалады екенбіз… 10 КҮН САЙЫН — ЖАҢА «ТІЛ» Дәм сезуде мұрынның ең­бе­гіне «базыналық» жасайтын тіл­дің де өзіндік біз біле бермейтін қырлары көп. Мәселен, қазақ халқы «әрі тәтті, әрі ащы» деп ба­ға берген тілді өмір бойы өз­гертпей өңгеріп өтемін десеңіз, қа­телесесіз, тіл жасушалары әр­бір 10 күн сайын жаңарып оты­ра­ды. Дәлірек айтқанда, тілде бо­латын 5 мыңдай дәм сезу бүр­тіктері жаңарады. 10-ақ күндік ғұмыры бар бұл бүртіктердің өліп, жаңасы пайда болып жат­қа­нын алайда біз сезе қоймаймыз. Тағы бір қызығы, тіл — адамның ең иілгіш, икемді мүшесі болып та­былады. Бір қарағанға, жалғыз ғана бұлшықет көрінгенімен, ол 16 бұлшықеттен құралады екен. АДАМ ТАҒДЫРЫ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН БА? Қазақ халқы дәл осы сөзді жиі айтады. Әлбетте, маңдайға үңі­ліп, тағдырының не боларын оқи алмайсыз, десе де оқылатын дүниелер бар екен. Мәселен, жа­зық, кең маңдайлы адам — ақыл­ды, ойлы келеді. Дәл осындай маң­дайды шаштың етегі дөңге­лене жиектеп тұрар болса, сол маңдай иесі турашыл, табан­ды­лы­ғымен ерекшеленеді екен. Маң­дайдың тарлығы — ақыл-ой­дың да кемдігінің көрінісі, бірақ бұл адамдар сауысқандай сақ келетін көрінеді. Аңдамай, артық қадам баспайды, өз шаруасына пысық келеді. Жалпақ маңдайлы адамның есте сақтау қабілеті жо­ғары болса, сонымен бірге се­зімтал, қызба да келеді екен. Дәл осы секілді адамның бетіне қарап та, мінезінің хабарын алуға бо­лады. Айталық, дөңгелек жүз­ді жан — мейірбан, ақжарқын, қа­ра­пайым келеді де, сопақ бетті, биік жақты адамдар — жан-жағын жапырып, билеп-төстеп тастауға дайын тұрады екен. Бетіңіздің пішіні үшбұрыштанып келсе, қуана беріңіз, бұл — сіздің ақыл-ойыңыз­дың жоғарылығының бел­гісі, ал төртбұрыштанып кел­се, бірбеткей, табандысыз… ШАШТЫҢ ТҮСУІ ОНЫҢ ТҮСІНЕ ДЕ ТӘУЕЛДІ Адам басындағы құпиясы ең көп ашылған нәрсе — шаш болса ке­рек. Десе де, оның ғылымға бей­мәлім сырлары әлі де көп. Орта есеппен алғанда, адамның басында 100 мыңнан 120 мыңға дейін шаш болады екен. Әрбір шаш аптасына 3-3,5 милиметрге ұзарады. Шаш адам 20-30 жасқа келгенде де ағара бастайды. Ал ағарған шаш жіңішкере түсетіні белгілі. Дұрыс күтілмесе немесе шаш­тың иесі созылмалы ауруға ұшыраса да, шаш түседі. Алко­гольден, темекіден созылмалы улану да шашқа өте зиян. Шаш­тың түсуі оның құрамындағы боя­ғыш зат — меланин пигмен­тінің мөлшеріне де тәуелді. Ең қызығы, қараторы адамдардың ша­шында бұл пигмент көп те, сары шаштыларда — аздау келеді екен. Ал аққұба, сары шаш­ты­ларда — пигмент тіпті де аз. Егер­де шашта темірлі пигмент көп бол­са, онда ол жирен түсті бола­ды.
Авторы:
Robin

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту