Айша... (Арманжанның жазбаларынан)
… Айша. Осы қыздың есімін ойыма алған сайын өзімді қоярға жер таппай кетемін. Бәріміз үшінші курста оқып жүргенде кезде, Айша өзінің теңін тауып Семей жақтың жігітіне тұрмысқа шығып кетті. Сол кездегі Айшаның балбұл жанған жүзіне қарап, өзін әлемдегі ең бақытты жанға балағанын сездік. Студенттік кездегі той-думанның өзі бір қызықты ғой. Барлық достар жиылып, Айша мен Серікті қызу-қызу құттықтап шығарып салғанымыз есімде…
Араға алты жыл салып Айшамен қайта жүздестім. Өзі оқып білім алған қаласына отбасымен көшіп келіпті. Қызметі де жаман емес. Өткен күндер естелігін айтып арқа-жарқа боп қалдық. Дегенмен байқасам Айшаның пенде көңілінде әртүрлі бұлтақ бар сияқты. Көзіне тұра қараған адам, жанарының тұңғиығында бір мұң барын сезеді. Алты жылдың жүзі болса да, бала көтере алмай, күйеуі мен айналасындағыларға немере мен сәбидің күлкісін силай алмай қиналыпты… Осылай кездесуіміз жиілей түсіп, күнәға белшемізден қалай батқанымызды бірақ көрдік. Студент кездегі таныстығымыз ба, әлде көп жылдар кездеспеген сағыныш па, басымыз төсекте табысты. Тіпті соңғы уақыттарда:
Көрінген сонадайдан торы ат басы,
Жаманды жаратқанша жаратпашы.
Айқасып қалқатаймен жатқан күні,
Ауылыңды жау шапса да оятпашы – деп өлеңдететінді де шығарып алдым. Енді міне кездесіп жүргенімізге бір жарым айдан асқанда Айша алдыма жылап келіп отыр. Менен жүкті екенін айтқанда тілім байланды да қалды. Күйеуінде кінәрат барын, неше жылдан бері емделіп жүргенін, бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын айтып, не болса да маңдайыма жазылғаны осы шығар, бұл баладан бас тартпаймын табамын деп бірақ кесті. Бір апта болды Айшаны таба алмай жүрмін, құтты жер жұтып қойғандай.
… Не істерімді білмей қиналып жүрмін. Мына өмір мені сынап тұрған сияқты. Аспан биік болғанымен, асқақ ой, қиял одан да биікке шырқап, өткендегі жіберген олқылықтың орнын әп сәтте толтыра салатын құдірет күш пайда болса ғой деп армандайды…
/Armanjan/
