Тектілік тектоникасы... (Сериялық өлеңдер «синдромы») (Бала сезім – «бәле» кезім) 1 өлең
Шертілмеген Домбыраның ішегіндей,
Жұтылмаған сынап сынды мұңымдай.
Тентек сезім тепеңдеткен кегімбе-ей,
Махаббатта құным да жоқ жұғындай.
Ғашықтық па, ғашық болғам кеше мен,
Зағип болып, ақыл-естен адасып.
Сол кезде де көгерместен көсегем,
Қалың мұңға жүрдім ылғи жанасып.
Мен сүйген қыз Ұмайдан да тым өзге,
Құдайдан да маңдайына бақ қонған.
Шайырда бар: «жұрттан өзге мінез де»,
Сол мінезді сол бір сұлу ап қалған…
Жүрегімді жұлып алып түн іші,
Жанарымнан жас парламай жыладым.
Періштемнің менімен жоқ жұмысы –
Көкейімді тесіп барад(ы) қына-мұң.
Жиі барам ол тұратын көшеге,
Сүйретіп ап сүреңсіздеу сұлбамды.
Тұрағынан теріс кетіп пешене,
Тұтқын жүрек өзгелік боп ұрланды.
Ал періштем, тым өзгеше, тым ерке,
Ерке қызға мен неліктен құштармын?
Ерініңді ойлау жайы тым ерте,
Қашан келед(і) қолыңыздан ұстар күн?
