Педагог болғым келмейді
Қызық. Жұрт мұндай пікірден шақырым аулақ жүретін еді. Өйтпей қайтсін? «Ұстаздық еткен жалықпас..., төрдегі орын мұғалімдікі» деген ұлылардың ұлағатына қарсы шығу мүмкін бе? Алайда бір танысым осылай деген кезде, таң тамаша болдым. Өзі мынау деген мектептің мынау деген педагогы. Шәкірттері қаздың балапанындай соңынан еріп жүреді. Солай бола тұра жаңағыдай айтқанына таң қалмай көр. Сөйтсем…
Бақсам бақа екен демекші, себебі бар екен. «Педагог дегеннің түп тұқиянын білесің бе» деді. Шынымды айтсам, еуропадан импортталған сөз екенін білсем дағы, тереңнен білмейді екем. «Жоқ». «Ол – бала бағатын құл деген сөз» деп сарт еткізді. Мәссаған… Кім ойлаған. Ұстаз деген сөзден гөрі, педагог деген ұғымды мақтаныш қылып айтатынымыз шындық қой. Сонымды айтып, аузымды аша бергенім сол еді, «жоқ – деді ол, жұлып алғандай – мен педагог болғым келмейді, ұстаз боламын. Балаларға білгенімді үйретіп қоймай, өміріне бағыт-бағдар сілтеймін. Құлдар адам есебінде емес, тамағын ғана беріп, бұғаулап ұстайды. Сонда мен қалайша құл болуым керек» деп өңештеп-өңештеп барып басылды. Ойланып қалдым. Содан соң «жоқ, сен ұстаз бола алмайсың, педагогсың» дедім. Ол түсінбегендей бетіме бағжиып қарады. «Жоқ – дедім сөзімді нығырлап, — айтшы сенің жалақың қанша?». «Елу мың». Досым аузын толтырып айтты. «Есепте, үй жалдайсың отыз мыңға, балаларың үшеу, әйелің, бесеуің жиырма мыңға тойып жүрсің бе?». Досымның үні өшті. «Және, сенің басыңда ерік бар ма? әр оқушыңның ата анасының алдында жарбаңдайсың, қала берді кеше референдум деп шапқыладың, дұрысы шапқылатты. Сайлауға дауысты да өз еркіңмен бере алмайсың. Аз жалақыңның да уақтылы берілген күні жоқ. Сен мықты оқытқан балаларың шетелде оқып келсе де, жұмыссыз қаңғып жүр. Сол ма ұстаздығың?! Педагог деген сол емес пе?». Досымда үн жоқ. Екеуміз де қалың ойдың құшағына ендік.
Досым педагог па, ұстаз ба?
