Аперис адам
Ол кезде ойын баласымыз. Ауылдың жайпақ (шатырсыз) үйінде тұрамыз.Шатырлы үйлерге қызығатынмын.Себебі, олардың шатырында кептер (көгаршындар) бар. Көгаршындардың уілдегені қызық еді. Сабаққа бармаған кезім.Мүмкін «Нөлебайға» барған шығармын қырсам. Шамасы жазғы каникулға келген болуы керек көршіміз Мәдина апаның (ауылдың бәрі мәдинаапа деп атап кеткен) үйіне біздерден екі-үш жас үлкендігі бар бала келді. Мәдина апа күніге бір рет келіп біздің үйден шай ішіп кететін.Қонақ бала апасымен еріп келді. Көзі жылт-жылт етіп тұратын қара бала екен.Есімі -Нурик. Жезқазғаннан келіпті. Қаланың баласы ғой ақыры, лып-лып етіп тұр. Білмейтіні жоқ. Екеуміз аз күнде достасып алдық. Ойынның түр-түрін ойнаймыз.Мендегі неше жыл сынбай келе жатқан ойыншықтарды сындырдық. Нуриктің асығы жоқ екен.Менен он шақты асық сұрап алды.Мен ақ көңіл байғұс бере салдым.Себебі, менде қапшықта 300ге тарта асық бар еді.Бір күні Нурикке шатырларына шығаруды сұрадым. Обалы қане, шатырға мінеміз деп барып саты таба алмай қайттық.мүмкін өтірік таба алмады ма кім білсін? Нурик бұзықтықтың жеті атасын біледі екен. Ойнап жүріп қалтасынан сіріңке алып шығып, шертіп жандырады.Сіріңкенің шиі айналып-айналып ұшып барып өшіп қалады. Онысы маған қызық.Гараждың артында жаман бөшке бар болатын.Екі жүз летірлік (оны кейін білдім). Соның ішінде сәлерке құйылып тұратын. Нурик мынаған сіріңке жағып тастап жіберсек қызық болады деді. Бірақ, қызығымызға жете алмай қалдық. Гараждың төбесінде отырып алып бөшкенің тесігіне жанған сіріңкені дәл түсіре алмай отырғанымызда атам ұстап алып сазайымызды берді.Негізінде таяқ жеген мен, Нурик қашып кетті.
-Әлгі Нөрікке жолама"-деп ақылын айтты соңынан атам маған. Басымды изегенмен, кейін онымен ойнайтынымды екеумізде біліп тұрмыз. Өзімізге аталас жақын болып келетін тағы бір көршіміздің менен екі жас кіші Ербол атты баласы бар болатын. Нуриктің қияңқылығы ол үйге де жетіп жатады екен.Көбіне үшеуміз бірге ойнаймыз.ол үйдегі Бекең ақсақал "Әлгі, Өрікпен ойнамаңдар" деп айтып бағушы еді.Нурик біздің аңқаулығымызды пайдаланып көзімізді ала бере асықтарымызды жымқырып кетуді шығарды.
Не керек бір күні мамаммен (әжемді мама дейтінмін)ауданға бардық.Бестің автобусымен қайтып келе жатып үлкендердің әңгімесіне құлақ салдым. Мамам мен сол кісі қатарлас бір кісі тағы бір кісі жайлы әңгімені соғып келе жатыр. «Ой, ол әперис адам ғой, талайды алдады ғой» деген сөздерді жадыма тоқып алдым. Аптоустан түсе сала көрші үйге жүгірдім.Ербол үйлерінің маңында ойнап жүр екен.Ентігімді баспастан «Енді, Нурикпен ойнамайық.Ол аперис адам» дедім де жалт бұрылып үйге тұра жүгірдім.
