Мұңды мылқау
Қайсар ағай азық-түлік дүкенінде біраз жылдан бері грузчик болып жұмыс істейді. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы аздық ете ме, әлде қол-аяғы сау болғасын үйде отыра беруді жөн санамай ма, дүкенде жұмыс жасап қосымша нәпақа табады. Жәрдемақы демекші, Қайсар ағай мылқау. Оны айналасындағылар күнде көріп жүргесін бе ымдасып, саусақтарын қимылдатып түсінісіп жатады. Ол жұмыс істейтін дүкен Ертіс өзеніне жақын болғандықтан бос уақыты бола қалса және демалыс күндері өзен жағасында отырып, алысқа көз тастап ой тұңғиығына батып отырады. Осы ағаймен бір сырласып көрейінші деген ой келді маған. Мылқаулардың саусақты қимылдату арқылы сөйлесетін тілін білмейтіндіктен, қағаз-қаламымды ала бардым. Жағдай қалай, тыныштық па, бәрі ойдағыдай ма деген қалыпты амандасуды қол алысып, бас изесумен түсіністік. Қайсар аға, сіздің арманыңыз бар ма, не айтасыз деп қағазға жазып көрсеттім. Егер сырласатын адам болса, сыр шертуге оның дайын екені жанарынан байқалады.
Оның жазғаны: мен жастайымнан жетім өстім, балалар үйінде тәрбиелендім, ананың жылы алақаны дегенді сезу бақыты маған бұйырмады, тек Алла тағала менің қол-аяғымды балғадай қылып жаратты, сол қара күштің арқасында қосымша жұмыс істеп жүрмін. Балалар үйінен көрген бір жақсылығым әріптерді оқып-үйренуге сауатымды ашты. Дегенмен, мылқау болғасын ешкімге керек емессің, ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Менің бір ғана арманым бар. Ол айналаңдағы адамдардың, мынау өзенде жүзетін теплоходтың, ұшып жүрген құстардың, қаладағы сансыз көліктердің дауысын есту. Түбі бәріміз де өлеміз ғой. Сонда мына жалғанда бірде бір дыбыс естімей кете берем бе деп егілемін. Қағаз-қаламды қолыма алдым да, ағай бір жерден оқығаным бар еді не болса да жазайын, уайымдамай түсінуге тырысып көріңіз дедім. Басын изеді. Менің жазғаным: Адам өлер сәтінде, жаны кеудеден шығар кезде көзі, құлағы, тыныс алу жолдары бәрі ашылып, (яғни бұл дүниеде адам көріп, естіп, сезіне алмайтынның бәрін көре алады екен) екі дүниенің де адамзатқа құпия сәттерін сезе алады екен. Менің жазғанымды оқыған ағай мырс етіп бетіме бір қарады да орнынан тұрып жүре берді.
Арманына қол жеткізер жолды көрсете алдым ба, әлде күпті көңіліне онан әрмен қайғы жамадым ба білмей мен қиналдым.
