Ескі архив · 31.01.2012 10:41

Туған үйдің түтіні

/Мейрамгүл апайдың айтқандарын шағын әңгіме қылдым/ Yйдегі қыздардың барлығы құдайдан сұрап алған ұлдың алдында құрдай жорғалайтын едік. Шын айтамын, оны, яғни інімді айтамын, құдайдан сұрап алыпты. Әкем, анам, әжем – барлығы “ұл бере көр” деп құдайға жалыныпты, жалбарыныпты. Құдай естиді екен. Бірінен кейін бірі бес қыздан соң осы ұлды беріпті. Анамыздың көзі де осы ұлды дүниеге әкелгеннен кейін «ашылса» керек. Бұған дейін әжеміз “ұл тумадың” деп шешеміздің басына әңгір таяқ ойнатқан дейді. “Ұл туғанға – күн туады” деген де осы! Ұл болғаны бар болсын, бізді құл етіп бітті өзі. Арқала дейді, арқалаймыз! Ат бол дейді, ат боламыз! Кіп-кішкентай болса да қу! Өзінің ерекше жаратылыс екенін, бір жері бізден артық екенін іші сезеді. Ішіміздегі оның “құқығын” мойындағысы келмейтін тек кенже сіңілім ғана. Тетелес болғаннан кейін бе, тілін көп ала бермейді. Бір нәрсеге жұмсаса, “бар өзің, аяғың бар ғой”, “ал өзің, қолың бар ғой” деп қасқайып қарап тұрғаны. Кейде екеуі төбелесіп қалады. Мұндай төбелестің соңы сіңлімнің жеке дауыстағы “әнімен” аяқталады. Үйдегілердің барлығы інімнің сөзін сөйлейді. Кейде ұл болып тумағанымызға өкінетін де кездеріміз болады. Неге қыз болып тудық екен! Ұл болсақ, бізді де бәрі төбесіне көтерер ме еді. Ұл болудың артықшылығы, әсіресе, әжеміз тойдан келгенде білініп қалатын. Әжеміз тойдан әкелген сарқыттың ең жақсысы – ініміздікі болатын. Шоколадты ініміз жейтін де, балды кәмпиттер бізге тиетін. … Сол ұл өсті, мектепке барды. Баяғыдай бізге көтер деуге ұялатын болды. Жігіт болып, әскерге кетті. Әжем марқұм оның үйленгенін, бір шөпжелкені үйге әкелгенін сонша қалап еді. Бірақ, ол күнді көре алмай кетті. Біз, қыздар да бой жеттік. Қанаты қатайған қарлығаштай туған ұядан ұша бастадық. Ең алдымен апайларым, содан кейін мен, сіңлім… Қыз бала қашан да жат жұрт үшін жаралады екен ғой. Басқа үйдің шамын жақтық. Басқа үйдің түтінін түтеттік. Ал үйде, сол бәріміз өскен қара шаңыраққа ие болып інім қалды. Таяуда ауылға бардым. Інім әкемнен аумай қалыпты. Келінім де биязы. Анамды аялап, күтіп ұстап отыр. Сол үй… Сол шаңырақ… Інім барлық тәтті-дәмдіні менің алдыма ысырып, қойып жатыр. “Жеп ал” дейді ерекше бір қамқор көңілмен. Кеше ғана осынау барлық тәтті-дәмдіні ол өзі жейтін еді ғой. Ал бүгін керісінше, біздің аузымызға тосады. Апайларын әбден сағынғаны білініп тұр. Қанша айтқанмен бірге өскен ұялас күшіктер емеспіз бе? Туған үйден ұзап бара жатып, мен әжемнің құдайдан неге ұл сұрағанының сырын түсіндім. Ұл… Ол — қара шаңырақтың иесі. Ол барда бұл үйдің түтіні үзілмейді. Ол барда ұрпақтар жалғасады… … Келінімнің аяғы ауыр екен. Іштей ұл туса екен деп тіледім… Құдайдан шын ниетіммен соны сұрадым…
Авторы:
Armanjan

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту