Ал әзірге күлесің!..
Көз сап қара шексіз мына ғаламға,
Бұл жалғанды мақта, мейлі жаманда.
Жұтар ауа, ішер су да сен үшін,
Не жетпейді, не жетпейді адамға?!
Болғаныңмен ақыл, сана иесі,
Неге Алланы еске алмаймыз жиі осы?
Айуаннан аумай қалған ашкөз боп,
Адамзаттың аянышты күйі осы…
«Алсам» деген алшақ басып әлі де,
Маза бермей келет жасқа, кәріге.
«Берсем» деген бұл күндері көнерген,
Сөздің бірі болып қалды бәріне.
Ұмытты да оңаша ой түйгенді,
Адам бүгін түсініксіз күйге енді.
Жануарды былай қойып, жатырда
Жатқан жанды өлтіруді үйренді!
«Киім бүтін, тамағының тоқтығы»,
Және дағы қанағаттың жоқтығы,
Қолдан соғыс жасатқызып адамға,
Таң қалдырды жетім, жесір көптігі.
Бітпейтұғын таққа талас қашан да,
Таласа түс! Тағы, тағы бас алға!
Ажал келіп алқымыңнан алғанда,
Жер таппассың жан сауғалап қашарға.
Мейлі, бүгін миығыңнан күлесің,
Патшадайын шалқып өмір сүресің.
Бір қарыс жер қайыршыға бұйырар,
Көз жұмғанда сенің де алар үлесің!
Ал әзірге күлесің – ау, күлесің!..
Зарина Долатай
