МҰҚТАЖБЫН...
Алдымда әлі дегенмен,
Асатын талай белестер.
Мазалап мені жүреді,
Жадымда қалған елестер.
Мектепке әкем апарды,
Жетектеп менің қолымнан.
Қайтқанда неге күлімдеп,
Күтпедің, ана, жолымнан?
Шашымды тарап, үнемі,
«Ұқыптап» әкем өретін.
«Жағаң кір, неге жумайсың?»
Деп мұғалім сөгетін.
Анашым жайлы әкемнен,
Сұрайтын едім жатарда.
Күрсініп терең, бастайтын:
«Анашың ұзааақ сапарда...»
Анашым жайлы ертегі,
Тәтті ұйқыға батырып,
Үмітпенен әр таңды,
Жүретін едім атырып.
«Анаң қайда?» дейтұғын,
Жек көретін сұраққа,
Бір жауабы болып ет:
«Жырақта… келет бірақ та!»
Ойыншықтарға таласқан,
Көршінің қызы өкпелеп:
«Анашың сенің өлген ғой!
Бекерге күтіп өтпе!» деп…
Үмітті үзбей жүріппін,
Ұзақ уақыт текке мен.
Жігерімді құм еткен,
Сол досымды жек көрем!
Зымырап уақыт, ай, жылдар,
Өтіп те кетті арада.
«Бекерге күтпе!» деген сөз,
Қалып та қойды санада.
Түсінгенменен сапардан,
Оралып келмейтініңді.
Естісем деймін, анашым,
Мейрімге толы үніңді.
Болғанмен мен де шәкірті,
Өмірдей ұлы ұстаздың.
Аналық мейірім, жылуға
Есейсем дағы мұқтажбын.
Мұқтажбын, әлі мұқтажбын…
Анашым…
Зарина Долатай
