Ескі архив · 14.03.2012 01:07

Амал күні құтты болсын!

1918 жылдың 24-ші қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлий және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31-қаңтарынан кейінгі күн: 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Жаңа күнтізбеден шатаспау үшін 1918 жылдың 1-шілдесіне дейін жаңа күнтізбе күндері ескі күнтізбемен қатар жақша ішінде жазылды. Мысалға: 1(14)-наурыз 1918 жыл. Негізі 1917 жылы 25-қазанда болған «Қазан төңкерісін» 7-қарашада тойлағанымыз, православтарға 14-қаңтарда (1-14) ескі жаңа жылдың келуі бәрі аталған декретке байланысты. Соның әсерінен бұрын 1-наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі, 1918 жылдан бері қарай 14-наурызда көрісіп келеді. Жалпы осы Жаңа жыл, көрісу туралы әрқилы пікір бар. Көп қазақ: «біздің жаңа жыл – 22-наурыз» деумен келеді. Бұрынғы шалдар 22-наурызды «қызылбастың наурызы» дейтұғын (Қызылбас – Иран). Наурыз сөзі парсының жаңа күн дегенінен шыққан. Біздің қазақ наурыз демей – амал деген. Қазіргі күні 14-наурызда еліміздің батыс өңірі ғана (басқа өңір туралы мәлімет жоқ) ұлыс күнін тойлап көріседі. 70-жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күні кешеге дейін амал мереке-сінде көрісу салтын ұстап келген болатын. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Шәкәрім атамыздың баласы Ахаттың естелігін ұсынамыз: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» – деген, тіпті ескі мақал. Және ұлыс күнін қалай қарсы алатындары туралы айтылған мынау жыр қазақтың арғыдан келе жатқан мұрасы: «Ұлыстың ұлы күнінде бай шығады балбырап, Қасында жас жеткіншек, тұлымшағы салбырап. Бәйбіше шығар балпиып, сәукелесі саудырап, Қыз шығады қылмиып, екі көзі жаудырап. Бозбала шығар бұрқырап, ақбөкендей сырқырап. Құл құтылар құрықтан, күң құтылар сырықтан. Кетік ыдыс шөміштің түтіні шығар бұрқырап». Ұлыс күні құлды, күңді азат етіп, ескі ыдыстарды отқа жағатын болған. Сол ұлыс күні көрісіп, амандасу туралы бұрын былай десетін болған: «Амансың ба? Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!» Кейбіреулер: «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге кірсін» деседі. Және бір жыр бар: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен. Шалдар бата беріскен, сақтай гөр деп терістен. Кел! Таза бақ, кел! – десіп, бізге тілек бер! – десіп, Көш, Қайрақан, көш! –десіп» (Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары. II-том. 511-512 бет. Алматы, «Жібек жолы» 2007 ж.) Демек, көрісу, қазақтың жаңа жылын ескіше 1-наурыз, қазіргі 14 наурызда тойлау арқа жерінде де кешегі ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басына дейін болған. Сөз соңында айтарымыз, талай «қыл көпірден» салт-дәстүрін Алланың фазылымен ұмытпай, жоғалтпай алып шыққан халқымыз өзінің төл – Ұлыс күнін де жоғалтпақ емес. Дереккөз: ukkz.net/archives/244
Авторы:
SaryQazaQ

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту