БІР УЫС ТОПЫРАҚҚА АЙНАЛЫП...
Ақылынан адасқан ба демегін,
«Кешір» деген сөзге айналғым келеді.
Жиі – жиі айтылғанда жаралы,
Жанның дағы табылар ед(і) тез емі.
Оңашада көңіліңді тербейтін,
Үніменен жан дүниеңді емдейтін,
Әуен болсам әдемі, арман бар ма,
Жүректерде өмір сүрер, өлмейтін.
Қарды ерітіп, гүл өсірер бөктерге,
Қанат қағып көктен құстар өткенде,
Себепсізден сыйлайтұғын қуаныш,
Айналсам ғой ең көрікті көктемге.
Кең далада тұсауланған жылқыдай,
Шарасыз боп кетеміз ғой бір күні-ай.
Бар әлемді құшағына сыйдырар,
Аспан болып кетер ме едім, шіркін-ай!
Көтеретін жақсыны да, жаманды,
Көретұғын адалды да, арамды.
Кең пейілді Жер – Анаға айналсам,
Сан ғасырдар әлдилеген адамды.
Қол жеткізген аспандағы айға алып,
Арман қуған адамдарда бар ма айып?!
Қайран жүрек тыным табар, бір уыс
Кеткен кезде топыраққа айналып…
Зарина Долатай
