Ескі архив · 28.03.2012 00:19

ЖАРЫҚТЫ МОЛЫРАҚ БЕРІҢДЕРШІ!

Неге екенін білмеймін, көз алдыма балалық шағым елестеп отыр. Алаңсыз кезде ештеңені аңдамаймыз, айтылған сөзге мән де бермейміз. Сексеннің сеңгіріне жетіп қалған апам бірде «Менің де уақытым таяды. Мына қар еріп, жерге сіңген уақытта мен де жер қойнауына кіремін» деп күбірлеген еді. Мен ішімнен «бұл не сандырақ?» деп күліп, өз жөніммен кеткенмін. Арада ұзақ уақыт өтпей апамның айтқаны болды… Бірақ айтпағым бұл емес. Өмірден кететініңді сезу бір басқа, көз жұмар сәтте ауыздан шыққан сөз бір басқа сияқты. Қадыр Мырза Әлидің «Жазмыш» атты кітабында бірқатар ұлы адамдардың көз жұмар алдында айтқан соңғы сөздерін оқыдым. Үзінді келтіре отыра, сіздермен бөліскім келеді: Байронның соңғы сөзі шаршаған адамнын сөзіне ұқсайды. Ол қабырғаға қарап аунап түсіп: «Енді ұйықтау керек! » — депті. Онысы қай ұйқы? Кіші ұйқы ма? Үлкен ұйқы ма? Осыған ұқсас бір сөз Илья Эренбургтың да, аузынан шықса керек. «Енді демалатын шығармын, сірә!» — депті ол. Бұл да көп мағыналы. «Жарықты молырақ беріңдерші!», — депті Гете. «Қағаз, қарындаш», — депті Гейне. «Енді мен өз қолындамын, Жаратқан! » — депті Таркватто Тассо. «Комедия аяқталды, шымылдықты жабыңдар!» — депті Рабле. Вальтер Скотт: «Мен өзімді анамнан жаңа туғандай сезініп жатырмын! », — десе керек. Біз, әрине, ұлы адамдардың ақырғы айтқандарынан бір құпия, бір жұмбақ сыр естігендей боламыз. Шынында да солай ма, олай емес пе? Әлде жай ғана бір сәттік көңіл күйі ме? Кездейсоқ соз бе? Өкініші ме, күйініші ме? Тағы немене? Соңғы күні, соңғы сәттері кітапханасына қарап жатып, «Қош болындар, достар!» — депті Александр Пушкин. Төңірегінде толқып отырған достарына айтты ма, әлде қабырғадағы кайысқан қалың кітаптарға айтты ма? Ал ең соңғы минутындағы ақырғы сөзі жаны қиналып, қатты өкінген қатардағы адамның сөзіне ұқсайды. «Өмір бітті! » — дейді. Естіңкіремей қалып, қайталап сұраған достарының біріне «Өмір бітті! » — деп жауап береді де: «Тынысым тарылып бара жатыр», — деп жалғастырады. Гогольдің соңғы бірер жылдағы іс-әрекетін жалпы түсіну қиын: не ауру деп айта алмайсың, не сау деп айта алмайсың. Ол біреулер сияқты сандырақтамайды, ақылынан адаспай, әдемі жатып, дүние салады. Сонда айтқан соңғы сөзі: «Өлу деген қандай рақат!» Төсек тартып жаткан Чернышевскийдің соңғы күндері өте ауыр өткен. Есі бірде кіріп, бірде шығып жатқан. Сондай алмағайып сәттердің бірінде: «Бұл пенденің тағдыры шешілген: ол енді адам болмайды. Оның қанында асқынған ірің бар, — дейді де, қайтадан есінен айырылады. Содан кейін ол ләм-лим демейді. Есін жимаған күйде көз жұмады. Лев Толстойға дәрігерлер дұрыс демалу үшін отгегін береді. Қанына камфора тамызғаннан кейін біртүрлі дұрысталып қалғандай болады. Бауыры Сережаны шақырады. — Сережа! Сережа келген кезде ол былай дейді: -Ақиқат… Менің сүйетінім көп… солар секілді...» Бұл — Лев Толстойдың соңғы сөзі. Одан Сережаның не түсінгенін біле қою қиын. Не дегісі келді екен ұлы жазушының? Енді есіме түсіп отыр: «өлгелі жатқан адамның сөзі өте мәнді болады», — деген Лев Николаевичтің өзі. Сөйте тұра сол данышпанның соңғы сөзін анықтай алмағанымыз өкінішті, әрине...
Авторы:
ademi_alem

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту