Мен оны жақсы көрем
Кейде көңілің қалып, бәріне қолды бір сілтеп, басың ауған жаққа кетіп қалғың келетін сәттер болады. Сондай кезеңдерде (кейде себепті, кейде себепсіз) шынымен басым ауған жаққа кетіп қалатын әдетім бар. Сондай жағдай сегіз ай бұрын болды. Адам көзі көрмеген, аяғы баспаған жерге жете алмайтынымды түсінген мен тым болмағанда ешкімді танымайтын жаққа кеткім келді. Жұмыс үстелінде жұмыс жасап отырған кейіппен отырғанымда хабарлама келді. Ашып қарасам достарымның бірінен «Сен ешкімді танымайтын жақ пен, ешкімді көрмейтін жұмысты қалайтыныңды айтып ең ғой. Астанада таныстарымның таныстары бар, барасың ба?» деген деген хабарлама екен. Ешкімді көрмей істеуге болатын жұмыс та бола ма деген ой мазалаған мен оған «толығырақ...» деп жаздым…
Арада жарты сағат өткенде өз еркіммен жұмыстан шығатыным туралы өтініш жазылды. Ештеңе түсінбеген директор не болдының астына алып, «Негізі заң бойынша өтініш...» дей беріп еді, бір күннен кейін қаладан кетуім керек екендігін айтып отырып алдым.
Ертеңінде оқу орнына барып, алуды ұмытып кеткен дипломымды қолыма алып, түнгі бір жарымдар шамасында Өскемен – Астана бағыты бойынша пойызға отырдым. Таң атқанша көз ілінбеді. Бір тәуліктен астам уақыттан кейін, таңға жуық көздеген жерге де келіп жеттік. Мені күтіп алған бейтаныс адам амандық — саулық сұрасқаннан кейін «ал кеттік үйге» деді, мен үнсіз артынан жүре бердім…
Үйге де жеттік. Есікті ашқан оның жұбайы жататын бөлмемді көрсетті. Таңда жылаған баланың дауысынан ояндым. Ол менің алдағы сегіз ай бойы қарауым керек бала. Есімі – Алияр. Жасы екіге толмаған, тілі шықпаған, жүруді де енді — енді үйреніп жүр екен. Онымен тіл табысу оңай болды. Бір аптадан кейін жұмысқа шығатынын ескерткен баланың анасы балаға қатысты керектің бәрін түсіндіріп берді. Арада бір апта өткеннен кейін жұмысына да шықты. Сол күннен бастап таңғы сегізден, түнгі он бірге дейін бала екеуміз үйде жалғызбыз. Таңда ұйықтап жататын бала, ата — анасын түнде жұмыстан келгенде ғана көреді. Жексенбі күні үйде деген аты болмаса, әркім бітпейтін жұмыстарымен айналысады. Осы уақыт аралығында мен баладан көп нәрсе үйрендім, соны сіздермен бөліскім келеді:
1. Балада өткен шақ болмайды екен. Ренжіп, жылап қалса қолына ойыншық ұстатып көңілін әлденеге аудара қойсаңыз, не үшін жылағанын ұмытып қалады. Ересек адамдар сияқты ренжіткен адамға кек сақтап, мың рет бетіңе басып айта бермейді.
2. Екі түрлі себептен ғана жылайды: қарны ашса немесе бір жері ауырып тұрған болса.
3. Шынайы күледі, бойында жасандылық жоқ. Және оларды күлдіру, қуаныш сыйлау қиын емес. Көп нәрсе талап етпейді, баламен бірге бала боп ойнасаң, еркелетсең соған мәз.
4. Өзін жақсы көрмейтін, суық адамды бірден сезеді. Оған жоламайды. Оны келген қонақтарға қатысты қарым – қатынасынан байқадым.
5. Құлап қалса, қайта тұрады. Тағы құласа, тағы да тұрады. Сәтсіздікке бола салы суға кететін кейбір адамдарға ұқсап «неге олай?» деген сұраққа бас қатырмайды, қайта тұрып, әрекет етуге тырысады.
6. «Жетіге келгенше жерден жеті рет таяқ жейді» деуші ме еді? Бірде асыр салып ойнап жүргенде жерге оңбай құлады. Шекесі көгеріп қалды. Бар даусымен айғайлап жылағанда мен сасқанымнан сол құлаған жерді «мәк -мәк, Алиярымды неге жылатасың а?» деп ұрып едім, ол жасын тыя қойып, сол жерді менімен қоса ұрды. Кейін байқасам, қызық, әлдебіреу ренжітсе, не қандай да бір жерге соғылып қалса сол нәрсені ұрады «мәк -мәк» деп. Мен балаға кек алуды үйреттім бе деген сұрақ туындады. Кейін әлдебір жерін соғып алса, соғылған жерді ұрудың орнына «ол байқамай қалды, ол да сен сияқты әиш, ренжіме, жақсы ма?» деп үйрете бастадым.
7. Бала айтқанды істемейді, көргенді істейді екен.
8. Саны жоқ ойыншықтарын күніне бірнеше рет шашады. Жинау білмейді. Кейін бірге ойнаған болып, сол шашқан ойыншықтарды бір орынға бірге жинауды үйрете бастадым. Ойыншықтарының көп болғаны сонша, алып берген жаңа ойыншық та оған қызық емес бола бастады. Кейін мен ойыншықтарының бәрін көзге көрінбейтін жерге тығып тастап, біртіндеп шығарып, сағындырып барып ойнататын болдым.
9. Ертегі оқып берем. Мен оқи бастасам ол күледі, неменеге күлетінін білмеймін.
Менің қайтатын уақытым да таяп келеді. Балаға бауыр басып қалғаным сондай, оны қимаймын. Айтпақшы, ол мені де «мама» дейді. ))) Кейде менен бұрын оянып алады да қасыма келіп «мама, тушы, мама тушы» деп бетімнен сүйеді, ол «мама, тұршы» дегені. Осы уақыт аралығында оңаша қалуға да, шығармашылық жұмысқа көп көңіл бөлуге де, баладан көп нәрсе үйренуге де мүмкіндік болды. Өмірімізде қандай оқиға орын алса да, біз үшін не қайырлы, сол болсын!
