Біртүрлі кітап
Өткенде Aldeken «Біртүрлі мамандықтар» туралы жазып еді ғой. Менің айтпағым өзге жұртты қайдам, бірақ, қазақты шамдандыратын бір түрлі кітап жөнінде болмақ. Өкініштісі, кітап қазақ тілінде емес. Макс Кучински деген біреудің 1925 жылы шыққан кітабы бар екен. Әлгі бейбақ өткен ғасырдың басында қазақ даласына саяхат жасаған көрінеді. Сол кітапты Дихан Қамзабекұлы немісшеден қазақшаға аударып беруді өтінген еді. Маған емес, мен немісше білмеймін. Үйдегі "қазан-аяқтың шопырына" тапсырды. Немісшесі судай болған соң айтқан өтініші ғой. Қазір кеш болса болды өзге шаруаны жинап қойып әлгі кітапты аударып жатырмыз.Аты:Steppe und Mensch. Kirgisische Reiseeindrücke und Betrachtungen über Leben, Kultur und Krankheit in ihren Zusammenhängen. Шыққан жылы һәм қаласы ретінде мына дерек беріліпті: Leipzig, 1925.
Көлемі 200 бет екен. Тарих үшін құнды шығар, бірақ әлгі кітаптың ішінде жазылғандарды оқысаң амалсыз «мүмкін емес!» деуге мәжбүр боласың. Мәселен, ол кітапта қазақтар туралы айта келе, біздің өзімізді таң қалдыратын әңгімелер жазылған. "Қазақтар ешқашан жуынбайды. Тамақ құйылған ыдысты қолмен сүртіп, жалайды да соған тамақ құйып бере салады. Сенің алдыңда бұл ыдыстан 10 адам, кейін 5 адам тамақ ішуі мүмкін" дейді. Тағы бірде "қазақтар баланың мұрнын да қолмен сүрте салады, құйрықты да қолмен сүртеді.Қолдарын жуып әуре болмайды" деп қоятыны тағы бар. Сөйте тұра "қазақтарға тамақтан бұрын және кейін қол жууды ислам діні әкелді" деп қояды. "Қазақтар ас іскен соң алақандарына толтырылған сумен ауыздарын шая салады", «бір қазақ маған: „біз дүниеге келгенде ғана жуынамыз. Одан соң жуынбаймыз“,-деп айтты», «бұл далада монша деген атымен жоқ» деп жазыпты. Әлгі Макс Кучинкси өзін дәрігер ретінде таныстырыпты. Шимай-шатпағының ішінде медицинаға қатысты әңгіме де аз емес. Бір қызығы "қазақ даласында жезөкшелер болмайды, бірақ, ұрланып секс жасайтындар болады.Оларда кейбір жыныстық аурулар да кездеседі" деп жазыпты. Қысқасы, біздің ата-бабаларымыз туралы біраз дүниелер жазыпты. Салт-дәстүр туралы, кедейлер мен байлар, ит жүгіртіп, құс салу дегендей біраз әңгіме айтады. Дегенмен, бұрыңғы қазақтардың қазір біз мақтана алмайтындай жағдайларын да жазыпты. Шын-өтірігін қайдам, әйтеу жазып кетіпті. Саяхатының нәтижесі болса керек. Әзірге кітапты толық аударып біткен жоқпыз. 200 беттің ішінде қазаққа қатысты «біртүрлі» әңгімелер әлі қанша рет айтылатындығын әзірге білмеймін. Аударма кезінде бізге кезіккені осы. Немісше білетіндерің болса интернеттен тауып алып, қарап көріңдер.
