ҚАЛДЫРМА...
Бітіп бермес сансыз сұрақ санамда,
Күтер мені әлі атпаған таң алда.
Екі көзім парақта, жаным менің
Тым алыста, білмеймін қай ғаламда…
Не бітірдім пенде болып жалғанда?
Ұмтыламын қол жетпейтін арманға.
Қуып мәңгі ұстатпайтын сағымды,
Түк өндірмей өтсем егер, таңданба…
Қарап кейде айналама тамсана,
«Бағалай біл!» — дегім келет баршаға.
«Сабындай – ақ қамшының қысқа өмірде»,
Мәнсіз өткен қысыр күндер қаншама?!
Мекенім де емес өмір тұрақты,
Кейде бәрі түсім ғана сияқты.
«Жалғандағы соңғы күнім болса егер
Не етер едім?» деген қоям сұрақты.
Не етер едім? Келер едім тәубеме,
Орын да жоқ онда үміт – сәулеге!
Сәтсіздікке бола налып, мұңайып
Жақынымды салмас едім әуреге.
Күтер бәлкім талай сынақ алдымда,
Қайғы ойлап, түспейінші сары мұңға.
Жүрегімнің түбінен үн естілді:
«Мұның бәрін соңғы күнге қалдырма!
Жаралғанын ойла неге санаңның,
Тылсым сыры көп әлі де ғаламның.
Жақсы амалды кейінгіге қалдыру –
Ең өрескел қателігі адамның!.."
Зарина Долатай
