Ескі архив · 10.05.2012 03:37

Ұмытылмас дидарласу немесе автобустағы жалаңбас әжей

Кеш қарайып бара жатыр. Отыз екінші бағыттағы автобус бәсекелесімен жарысып, ызғытып, құйындай ұшып келеді. Солқ етіп тоқтағанда, отырған орыныңнан ұшып кете жаздайсың. Ол бейбақ жүргізшілердің бұлай жанұшыруы күн көріс қамы екенін білгендіктен де, түсіністікпен үндемей қоя салып, жақтырмағаныңды көзіңмен ғана ұқтырумен шектелесің. Тоқтаған аялдамадан жасы жетпіс шамасындағы әжей кірді де, дәл менің алдымдағы орынға жайғасты. Ақ шалған жалаңбасы әуелгіде тосын көрінгені рас. Мен арт жағынан құлағына сыбарладым: «Әжей, басыңызда неге ақ жаулығыңыз жоқ?». Жалт етіп қарады. Сырлы аяқтың сыны кетсе де, сыры кетпегендей. Көзі ойнақшып тұр екен: «Мен кезінде полиция болғанмын, ендеше маған ондай мұндайларыңның түк қажеті жоқ. Я современная»-, деді саусағын шошайтып. Қатқыл үнінен тік мінезі аңғарылады. Әдетте «не айтары бар екен?» деген қызығушылықпен қарттармен әңгімелескенді ұнататынмын. Екеуімізде ҚазҰУ-дан түсетін болғасын әңгіменің бүйірін қыздыра түстік. -Желтоқсанда алаңға жиналғандарды тәртіпке салып, ретке келтіріп тұрдым. Өйткені жоғарыдан келген бұйрық сондай болды-, деп сөзін жалғастырды. -Ол жерде бізді кінәлау орынсыз. Қайта мына Жаңаөзенді айт. Желтоқсаннан пәленбай есе асып түседі. Кешегі өткен желтоқсанды бітпес жыр ғып, мінбеден түспей сарнап жүрген Шаханов сонда қайда қалды?! Үні шықпай отырды да қалды. Бұлардың барлығы өтірікішілер, мен білемін ғой, олар өтірікшілееер. Мен әрқашан шындықты айтамын және шын айтамын-, деп көзін ақшита маған қарады. Сөз ортасында жалғызбасты екенін айтып қалды. «Полицияны кім алсын?!»-деп зорлана жымиды. Онысы жымиюдан гөрі жылауға ұқсағандай болып шықты. Жастарға ол әжейдің көңілі толмайды екен. -Көпе-көрнеу жерде үлкен отыр, кіші отыр демей өліп-өшіп сүйісе кетеді. Мен түнде де көшеде жүре беремін. Сол кезде талай көргенмін. Қазақтың қыздары баяғы, абыройынан айырылып жататын. Бірақ маған неме керек?! Менің балам емес. Маған бәрі бір-, деп бір түйіндеп қойды. Әмиянынан екі теңгелік, бес теңгеліктерден құрастырып елу теңге жол ақысын төледі. «Дидар — ғайып» демейме. Бағыттармыз басқа болғасын, қош айтысып өз жөнімізбен кете бардық. Айтқандарын ойша саралап келемін.Жастар туралы сөз болғанда әлде біреулерге өшіге, кіжіне сөйлегені көз алдыма қайта оралды. Біреуді кінәлайтындай. «Неге?» деген көкейімді кес-кестеген сауалға «жалғызбастығы себеп шығар» деген жауапты лайық деп таптым. Бұл аяқасты дидарласу екі буын өкілінің бір-бірінен алар есебіндей көрінді. Ақ жаулығын аяққа таптап, сол заманда құрмет пен атаққа бөленген, замана көшін түзеп, уақыт өз дегенін жасағанда иттен қадірсіз, елеусіз болып қалған бұл әжей сияқтылардың алдында бүгінгі балаларының борышы да, парызы да, қарызы да жоқ екенін көкейіме түйдім. Не дегенмен бұл бір ұмытылмас дидарласу болған еді…
Авторы:
Aya

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту