Мен сенің өміріңнің жалғасымын...
Керекте былтыр TERISKEY -дің анасының туған күніне арнап жазған постын оқып қатты толқығанмын. Енді өзім де ағымнан жарылып сондай жазба жазғым келіп отыр.
Алла қаласа, жақын күндері менің асқар таудай әкем асқаралы алпыс жасқа келеді. Мен әкемнен 3 есе кішімін, яки ол кісінің 40 жасында көрген жалғыз қызымын. Неге екені белгісіз, анамнан гөрі әкеме қатты жақынмын. Кішкене күнімде әкем мені «ақ» дегенде аузымнан түстің, сосын шешең емізгеннен басқа уақытта қасымнан тастамай жүрдім» деп алдайтын. Бала көңіл соған да сенді.
Тағы бір нәрсе, мен өзі өмірге үлкен күреспен келген баламын, ағам екеуміздің арамыз – 1 жас 2 ай. Анам ағамды (37 жасында) кесір тілігімен дүниеге әкелгесін дәрігерлер оған мені дүниеге әкелуге запрет қойыпты. Айтатын уәждері: ішіңнің операциядан қалған жарасы жазылмаған, ертең ішің жарылып кетуі мүмкін, бір балаға да шүкірлік қыл. Шыбын жан тәтті ғой, анам көөөөп ойланады, әкеме қараса, ол көзі жәудіреп, үндемейді, мені аман алып қалғысы келген ғой. Көрер жарығым бар екен, анам жасанды түсікке екі мәрте барғанда, дәрігер оны қайта-қайта қайтарып жіберіпті. Сөйтіп, әупірімдеп жүріп қақаған қыстың ортасында айғайлап мен кеппін мына өмірге. Сонда әкем еңкілдеп жылапты, оның алдында 5 жыл күткен ағамда өйтіп осалдық танытпаған адам ғой. Әкемнің маған деген құрметі перзентханадан басталыпты, сол кезде аупартком дей ме, очм, кәттә бір жердің қызметкерінің су жаңа ақ «Волгасымен» алып шыққан екен.
4 жасар кезімде мен сары аурумен ауырып, әкем екеуміз ауруханаға жаттық. «Папоооу, қандай өлең айтамыш?» деп, бүкіл палатаны басыма көтеріп ән айтатынмын. Бір күні медбике маған укол саларда тамырымды таба алмай, мені шырылдатып жылатты. Әкем бүкіл дәрігерлерді аяғынан тік тұрғызғаны есімде.
Бір қызығы, үйде мені ешкім Розатай деп атамайды, бұл тек никнэйм күйінде қалды. Әкемнің маған қойған есімдерінің ұзын саны жүзге жетіп жығылады, оларды жұртқа айтуға ұяламын. Сәпсім біртүрлі аттар! Шамамен былай: әкем мені Роза, сосын Роз, кейде Ро, тіпті Р деп те атауы мүмкін. И то, бұлар — «приличныйлау» түрі.
Бірде VKM -нің мамасының блогындағы жазбаларды оқып, ол кісіге қатты риза болғаным бар. Қос қызын үйірмелерге жетектеп апарып, оларды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірген жанға рыспек! Менің әкем де маған дәл солай қызмет етті. Бес балабақшаға бардым. Домбыраға апарды, оны қақпадым, ағам тартады бірақ. Даниядан келген мұғалімдердің курсына тықпалады. Бес жыл бойы би үйірмесіне тасыды. Мектеп жасында автомектепке оқытты, механикалық көлікті жүргізуді үйретті. «Әзір қажеттілік жоқ қой» деп жүргенімде, «шетелге шығатын төлқұжат, жүргізуші куәлігін ал» деп қоймай қойды. Ақыры, бәрін де 18 жасымда алып алдым. Ал, әкемнің ең басты көмегі – менен кішкентай кезімде-ақ «Кім боласың?» деп сұрап, сол мамандыққа бейімдегені. Ең алғашқы 1 шумақтық шедевр өлеңдерім аудандық газетте жарық көрді. Жасырмаймын, ол өлеңсымақтар «по блату», әкемнің күшімен жарияланды. Сондағысы — мені талпынту, әрі қарай жазып кетуіме себін тигізу Біздің үйде қазір «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ» дегендер подшивкасымен тізіліп тұр. Ана журналға сурет салып, мына газетке өзімше мақала жазып, шимайлай беремін. Әкем (ол кезде пошта саласында істеді) ерінбей, соларды конвертке салып, мекен-жайын жазып, тиісті орындарға жолдайды. Ал, кеп күтеміз, «менің жазғаным қашан шығады?» деп қақылдаймын. Бірақ, әкемнің Алматымен «по блату» байланыстары жоқ қой! Шүкір, хаттарым бірінен соң бірі жарияланып, өз тұсымда республикалық басылымдардың белсенді оқырманы болдым, қысқасы, әкемнің өлшеусіз еңбегінің арқасында «жұлдыз» болдым. 6-класта «Қазақстан» арнасындағы Нәзира Бердалы жүргізетін «Алтын қақпа» деген ойында бір қатысушыға сұрағым қойылып, көк галстук таққан суретім экранға шықты, шіркін-ай. Ол бірақ, менің сұрағымның жауабын тауып қойды, жата кеп ашуландым. Әкем болса, «Қызым, Қазақстаннан қанша адам хат жазады, сенікін эфирге жібергенінің өзі — жеңіс» деп жұбатты. 9-класта «Айгөлек» Алматыға, жас тілшілер фестиваліне шақырды. Сол кезде анам ренжімес, жазғышбек болғаныма әкемнің сіңірген еңбегі көптеу ғой деп, Алматыға әкемді ертіп кеттім. 11-класта ҚазҰУ-дың «Журналист болғың келе ме?» байқауының қорытындысына, Алматыға тағы шақырылдым. Бұл жолы әкем екі қалтамды ақшаға толтырып , тілеуімді тілеп, салып жіберді пойызға.
Жалпы, әкем мені бетімнен қақпай өсірді, «жеке пікірің болсын, жасық болма, ешкімнен жасқанба!» дейтін. Олай деуіне себеп бар, өзі — жасынан жетімдіктің әрі жалғыздықтың қиындығын қатар көріп өскен жан. Тв-ден жетім балаларды көрсе бітті, көңілі босайды. Жаным сол, сағынып кеттім ғой өзін…
Енді менің жанымды қинап жазылатын жолдар: мен 10-сыныпта жүргенде, әкем инсульт алды. (Осы нәрсені негізі айтқым да келмеп еді). Біз үшін бұл ауыр соққы болды. Ақ папам жансақтау бөлмесінде 12 күн жатқан кезінде түн баласы көз ілмей шығатынмын. Мен ұйықтап кеткенде, әкеме бірдеңе боп қалатындай көрінетін. Әр таңды қорқынышты хабар естуден үрейленіп атыратын азапты түндер… Мен әкемді көруге алты күн қатарынан бардым, дәрігерлер анамды кіргізді, мені кіргізбей қойды. Уәждері – науқас өзіне ең ыстық адамын көрсе, толқып, ана жаққа жүріп кетуі де мүмкін…
… Анам айтты: «Әкең есін жия сала Ырррроз, Ыррроз ғайда? — деді. Мені елеген де жоқ» деп. Мұны естіп алып, жансақтау бөлімінің алдындағы терезеге сүйеніп ап, ал кеп жыла! Сол күндері маған әкем енді тұрмайтындай, жүрмейтіндей көрінді ме, сабақтан да, газет-журналдан да безініп кеттім. Алматы, ҚазҰУ деген армандар әдіра қалған кездер де болды. Несін айтасыз, сол тұста ең мүсәпір күй менде ғана болғандай көрінді…
Қазір Аллаға мың шүкір, денсаулық түзелді, екеуміз қатты дайындалған оқуға өзі ертіп әкеп, тапсыртқызды. Ортақ армандарымыз орындалып келеді, мен болсам, есейіп келем Әкем қазір асқар таудай боп арамызда отыр. Мен оны мүмкіндігімше өз жетістіктеріммен қуантқым келеді, соған тырысып бағып жүрмін...
Ойлар шашыраңқы шықты, көбәріп жазсам, кеЧірім! ӘКЕЛЕР АМАН БОЛСЫН!
(жасырып қайтем, пернетақтаға тырс-тырс тамып жатыр моншақтар...)
