Ескі архив · 02.07.2012 14:04

Көңілдегі бір адам

«Өміріңде аңсап қана жүретін, көңіліңде тұру керек бір адам»… Шомдырды ойға... Әттең, арым арманым мен құштарлығым алдында тым биік, әйтпегенде бәріне қолды бір сілтеп, ойланбастан от құшағыңа ұмтылар ем… Ішке бүккен сырыңның тігісі сөгілмейінше жанарыңнан көз алмас ем… Көздеріңнен шынайылықтың ұшқынын шырамытсам, тағдырымды таразының безбеніне салмас та ем… Бал ерніңді кеберсігенше сүйер ем құмарланып, жүрегіңнің лүпіліне құлақ түрер ем талмастан… Тынысымды керіп иіскер ем, құшағыңнан босатпауды өтінер ем сенен… Бар іңкәрлігім мен махаббатымды саған арнар ем, мұның өтеуін сұрап әуре болмас ем, тіпті, сенемісің? Аймалар ем айылымды жимастан... Мұны ұрлана қараған көз жанарымнан аңғара алмасаң, кездейсоқ кездесулерде көздерімнен сыр суыртпақтамасаң ӨЗІМ оқталып айтпас та ем саған… Сірә, өмірімде аңсап қана жүретін көңілімдегі адам СЕН шығарсың?! Ақыры солай болғаны... 2005 жыл. «Әдеби шығармашылық» деген курс болатын, студенттер бір «серпіліп» қалатын-ды мұндайда. Тапсырма беріледі, ол орындалады. Бірақ ақыр аяғында оқытушының алдына басқа шығарма барады. Бәлкім, ұялшақтығымыз шығар. Әйтеуір, осы тектес шытпақтар қалды бәрінде. Қазір оқып отырсам әсері басқаша. Мынау махаббатқа мас болып, бақыт, сезім деген нәрселердің байыбына барып үлгермеген шақта жазылған нәрсе ғой. Оқыдым, есіме алдым, жүрегім «дір» етті. Қалай ойлайсыңдар, өмірде аңсап қана жүретін бір адам бәрінің көңілінде бола ма екен?!
Авторы:
alisha

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту