Бар байлығы әлемнің...
Кенжетайым таңертең апасының қойнында оянса, мені іздеп, менің қойнымнан тұрса, апасын іздеп кететін әдеті бар. Бағана таңертең апасын іздеп кетті, ол арада атасы да келді. Екеуінің ортасында ойнап, кезек-кезек құшақтап, бала да мәз, олар да мәз. Сол арада, апасының есіне әлдене түсіп кетпесі бар ма…
Осыдан тура екі жыл бұрын, маусымның ортасы болатын.
«Алдырып таста».
«Алдырмаймын».
«Ауру бала туғаныңа біреу рахмет айтады деймісің? Байыңның сыры білініп қалды, ата-енең екі бастан қырбай. Алдырып таста».
«Алдырмаймын. Бес айдан асқан баланы қалай алдырам?»
«Сен өзі даун бала көріп пе едің?»
«Көрген жоқпын»
«Мен көрдім. Даунын да, басқасын да. Сонда, білесің бе, ол балалар шешесіне ғана керек. Мен ауру баласымен ауруханада жылдап жатқан шешелерді көрдім. Солардың біреуін артынан әкесі іздеп келсе, құдай бар-ды. Керек емес ондай балалар ешкімге. қаласың жалғыз, ауру бала қолыңда, ана екеуі етегіңе жармасып. Ешкім саған „батыр екенсің“ деп арқаңнан қағып, „байғұс, қиналып жүр-ау“ деп маңдайыңнан сипап, қолтығыңнан демемейді. Маған сенбе, менің төрімнен көрім жуық. Оның үстіне, жалғыз балам сен емессің, сенен басқа да бағатындарым, жеткізетіндерім бар. жалғыз қаласың, албасты. Өз келешегіңді, ана екі көзге көрінгеніңнің болашағын ойла. Алты айлық болып туып, шетінеп те кетіп жатады ғой, бір бала құрбан. Ары кетсе, іштей желініп, күнәсін арқалап өмір сүрерсің. Күнде даун баламен алысып, күндердің күні „неге өліп қалмадың сен“ деп айтып қалсаң, оның күнәсі мың есе артық болады. Ойлан, балам.»
«Алдырмаймын»
«Онда, өз обалың — өзіңе, менен аулақ жүр».
Алла сақтады, биопсия жасаттық, балам даун емес екен.
Бірақ, мамам, әлі күнге дейін осы әңгімені ұмытпай, еске алып отырады, өкініп еске алады. Тіпті, айтпаса да, Әнуарбекті әр құшақтаған сайын, арқалаған сайын ой түкпірінде осының бәрі тұратынын, Алладан мың мәрте кешірім сұрап, осындай баланың дүниеге келгеніне тәуба айтып жүретінін білем.
Дүниенің ең үлкен қасіреті — ауру бала.
Таразда бір танысымыз бар еді. Өте дәулетті кісілер. Бірақ сол дәулетінің күші жалғыз ұлының қыли көзін емдетуге жетпейді.
Әкемнің үйінің қарсысындағы көршілер… Зәулім сарайдай үй салып келді. Даун немересі бар…
Кей кездері, тарығып кетем. Тіршіліктің тауқыметінен шаршап, «не істеймін?» деп ойланамын. Ондай ойлар әсіресе кешке жұмыстан шаршап, аялдама мен үй арасындағы ұзақ жолда жаяу ілбіп келе жатқанда қамалайды. дәл сондай кезде, түңіліп келе жатқанда, арғы көшедегі мүгедек қызы бар көршілер сол баланы мүгедек арбасына салып серуендетіп, тура менің қасымнан өтеді. Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болады, есімді бірден жиямын. «Тәуба, Алла, тәуба. Балаларымның дені сау болғанына тәуба. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Дәулетіңнің керегі жоқ, бақыттың да керегі жоқ, балаларым аман болса, он екі мүшесі бүтін болса болды, Алла». Қазір жатсам да, тұрсам да айтатын мінәжат дұғам осы.
Сәбилеріміз аман болсын!
